Ауданымызда білім беру саласы үшін айрықша мәнге ие айтулы оқиға орын алды. Яғни өңірде алғаш рет «Педагогтер фестивалі: білім берудегі жаңа мүмкіндіктер» атты ауқымды форум ұйымдастырылды.
Іс-шарада 20-ға жуық білім ордасынан келген 400-ге жуық ұстаз Қазақстанның үздік тренерлерінен жасанды интеллект саласындағы эксклюзивті шеберлік сабақтарын тыңдап, жаңа технологиялар дәуіріне бағыт алған тың біліммен сусындады.
Фестивальдің басты мақсаты – оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру және жасанды интеллект арқылы білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеру. Шара «Теңіз ұстазы» бағдарламасы аясында өтіп, «Жаңа білім беру бастамалары» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, сондай-ақ «Теңізшевройл» компаниясының демеушілігімен және аудан әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты. Мұнда еліміздің әр өңірінде ұстаздық еңбек етіп жүрген білікті мамандар шақырылып, жергілікті мұғалімдер шеберлік сабақтан өтті. Аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова бұл бастаманы білім саласына серпін әкелетін тарихи жоба ретінде бағалады. Оның айтуынша, өңірдің білім саласына жаңа леп әкелетін форум Атырау облысы төңірегінде алғаш рет өтіп тұр.
-Шыны керек, қазір кез келген адам ChatGPT қосымшасын біледі. Қызмет барысында кез келгеніміз пайдаланып жатамыз. Сол себепті алғы сөзімді ChatGPT қосымшасы арқылы дайындап, өздеріңізге ұсынғалы тұрмын. Мұны «жаңа деңгей» деп қабылдауымыз керек. Құрметті қатысушалар, бүгінгі жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беруді цифрландыру және сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырудағы бірден бір қадам. Бұл форум арқылы сіздер жасанды интеллектіні сабақ беру үрдісіне қосып қана қоймай, заманауи ұстаз болуға, сол арқылы оқушылардың сүйікті мұғаліміне айналуға мүмкіндік аласыздар. Мойындау керек, қазір балаларды қызықтыру өте қиын. Бірақ біз бұл мәселенің шешімін табуымыз керек. Және әрқашан шәкірттермен бір толқында болуға тырысайық. Ал бүгінгі іс-шара сол ойларыңызды жүзеге асыруға көмектесетін маңызды форум. Алдағы уақытта мұндай жиындар өз жалғасын табатынына сенемін,-деді жиында алғашқылардың бірі болып сөз алып.
Білім саласындағы әлеуметтік жауапкершілік бағытында белсенді қолдау көрсетіп жүрген «Теңізшевройл» компаниясының өкілі Нұрлан Ерғалиев те бұл шараның өңір педагогтеріне тың серпін беретініне сенім білдірді. «Біздің компания Жылыой ауданында осы ерекше бағдарламаның іске қосылуын қолдауға қуанышты. Заманауи әдістемелер мен жасанды интеллектті пайдалану мұғалімдердің ең маңызды әрі жауапты еңбегін жеңілдетіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенеміз. Білім беру – біздің әлеуметтік жауапкершілігіміздің басты бағыттарының бірі. Бұл фестиваль көптеген педагогтерге шабыт сыйлап, аудан өміріндегі жарқын оқиғалардың біріне айналады деп сенеміз. Және мұғалімдерді қашан да қолдауға тырысамыз»деді ойын жеткізіп.
Форум аясында еліміздің әр өңірінен келген танымал сарапшылар мен жаңашыл педагогтер тәжірибе алмасып, заманауи білім беру тәсілдері жөнінде шеберлік сабақтарын өткізді. Атап айтсақ, «Qalamedutech» қауымдастығының лидері әрі «EdCrunch Academy AI» тренері Аида Абильякимова, биология пәнінің мұғалімі Юна Балғабекова, математик-блогер Темірбек Нұрғазыұлы, педагог-тренер Ескендір Бестай, биология пәнінің маманы әрі танымал блогер Марат Айтқалиев секілді тәжірибелі мамандар жасанды интеллектінің білім беру саласындағы жаңа мүмкіндіктерін кеңінен талқылады. Шеберлік сабақтарында мұғалімдер нейрожелілер мен ChatGPT құралдарын сабақ үдерісінде тиімді пайдалану, уақытты үнемдеу, оқушы назарын ұстап тұру әдістерін, функционалдық сауаттылықты дамыту жолдары мен нейроғылымды педагогикада қолдану тәсілдерін үйренді. Сонымен қатар жасанды интеллекттің білім жүйесіндегі рөлі, оның әлеуеті мен этикалық шектеулері жөнінде пікір алмасулар өтті.
Бұл жөнінде аудандық білім бөлімі басшысы Алмабек Абдолов:
-Жобаның мақсаты – оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру. Және іс-шара арқылы «Жасанды интеллект арқылы балаларға қалай сабақ берсек болады» деген сұраққа нақты жауап таба білуіміз керек. Жоба жоғары деңгейде өтті. Бұл өңір білімінің өсуіне тың серпін береді деп сенім білдіремін. Фестиваль мұнымен шектелмейді. Мұғалімдеріміз үшін, әсіресе, жас мамандар үшін курстар мен тренингтер өтеді. Сол арқылы ауданымыздағы білім сапасы жақсарып, шәкірттердің зейіні артады деп сенемін-,дейді форум барысында өз ойын білдіріп.
Бүгінде әлемдік білім кеңістігі қарқынды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Біз бен сіз естіп жүрген «ChatGPT», «Gemini» секілді генеративті жасанды интеллект жүйелерін оқушылардың өздері еркін меңгере бастаған дәуірде педагогтердің де заманауи құралдармен жұмыс істеуі – уақыт талабы. Халықаралық PISA зерттеуінің жаңа форматында енді медиа мен жасанды интеллект сауаттылығы да бағаланатыны белгілі. Демек, мұғалімдерге арналған AI-апгрейд – жай ғана жаңашылдық емес, білім беру сапасын арттырудың нақты тетігі. Бұл ретте Жылыой мұғалімдері көштен қалмауға тырысып бағып, заманауи ұстаз болуға жұмыстанса, нұр үстіне нұр болар еді!
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ