Озат оқушыға арналған шәкіртақы

Ұстаз – ұрпақтың шамшырағы. Ұстаз – жол сілтер темірқазық. Бұл сөздерді бар саналы ғибратты ғұмырын білім саласына сарп еткен, талай шәкірттің жүрегіне нұр құйған ардагер ұстаз Наурызбай Төлеуовке қарата айтуға толық негіз бар.

Ол – өнегелі өмірін педагогикаға арнап, жүздеген шәкірт тәрбиелеген тәжірибелі ұстаз. Еңбек жолында білімнің қоғамдағы маңызын терең түсініп, шәкірттердің сапалы білім алуына әрдайым мән берген. Сондықтан да ұстаз зейнеткерлікке қалса да ауданның білім саласынан қол үзбей, оны қоғамдық негізде қолдап келеді. Соның бірі – мектептегі озат оқушыларға шәкіртақы тағайындауы еді.

Иә, мектебіміздегі екі жыл қатарынан жалғасып келе жатқан Наурызбай Төлеуов атындағы шәкіртақы биыл да өз жалғасын тапты. Бұл игі бастама - білімге құштар оқушыларды ынталандырып, аз қамтылған отбасы балаларын қолдауға бағытталған. Әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен, бірақ үлгерімі жақсы шәкірттер үшін үлкен демеу.

2024-2025 оқу жылының жарты жылдығының қорытындысымен бұл жолғы шәкіртақы Ақкиізтоғай ауылындағы №10 жалпы орта білім беретін мектептің 7-сынып оқушысы Нұрәділ Шалқарұлы мен 10-сынып оқушысы Ақжол Төлеуішке берілді. Қаржылық қолдауға қос оқушы дән риза болды. Осы екі жыл ішінде шәкіртақы иегерлері тек материалдық көмекке ғана емес, моральдық қолдауға да ие болды. Бұл бастама оқушылардың білімге деген ынтасын арттырып қана қоймай, олардың өз-өзіне деген сенімін нығайта түсті.

Ағайдың бұл ізгі ісі ауданның өзге азаматтарына да үлгі болары сөзсіз. Өйткені білімді қолдау – болашаққа салынған инвестиция. Ұстаздың шәкіртақысы жыл сайын жалғасын тауып, жаңа үміткерлерге берілу үстінде. Бұл ұстаздық жолдың тек мектеп қабырғасында ғана емес, өмірдің әрбір биік белесінде де жалғасын табатынын дәлелдейтін өнегелі іс.

Наурызбай Төлеуов шәкіртақысының жалғасуы – қоғамдағы мейірімділік пен жанашырлықтың көрінісі. Білімге құштар әрбір жас осындай қолдаудың арқасында биік белестерді бағындырары сөзсіз. Ұстаз аманаты келешек ұрпаққа жол ашып, болашақтың жарқын болуына септігін тигізуде.

Құндыз Заманғалиева,

№10 жалпы орта білім беретін мектеп

директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT