Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру – уақыт талабы. Өйткені, бүгінгі бала – ертеңгі Отанын қорғайтын жігіт. Ендеше олардың санасына отаншылдық сезімін сіңіру үшін не істеу керек? Әрине, ата-бабамыздың ерлік дәстүрін қайта жандандырып, алдыңғы толқын аға буынның жауынгерлік жолын үлгі-өнеге етіп, өскелең ұрпақ арасында насихаттау қажет. Аудандағы «Германия Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісім шарт әскери тобының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің басты ұстанған бағыт-бағдары да осы.
Меңдекеш Сатыбалдиев атындағы №18 мектеп қабырғасында «Қазақ елі – мәңгілік ел» тақырыбындағы өткен әскери-патриоттық кездесу – дәл осы мақсатты көздеді. Аталған шараға білім бөлімі мен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлері шақырылып, қоғам мүшелері, мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты.
Шараны оқу орыны оқушысы Эльдар Нұрғалиев «Қосбасар» күйімен ашты. Келесі кезекте сөз ардагерлерге берілді. Олар өз кезегінде оқушыларға жауынгерлік жолында кезіккен қиындықтар мен әскерде басынан кешкен қызықты оқиғаларымен бөлісті. Құттыбай Нұрбергенұлы, Асқар Жапғазиев, Әлібек Жұпаров, Кенжеғазы Иманғалиев сынды ардагерлер мектеп оқушыларына ағалық ақылын айтып, мықты азамат болып қалыптасып, өз Отанын қорғауға шақырды. Мектеп директоры Алтынгүл Аманкелдіқызы ардагерлерге алғысын айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Және қазір ауданымызда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың белең алып тұрған кезінде осындай әсерлі кездесулердің оқушы балаларға берер тағылымының зор екенін баса айтты.
Кеш қонақтарының тағылымды әңгімесінен кейін №18 мектептің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі әскери-патриоттық клубының жетекшісі Асхан Серік өз шәкірттерімен бірге әскери жаттығулар көрсетті. Әсіресе, мектеп жасындағы балалардың қару-жарақты лезде бөлшектеп, оны қайта жинауы көрерменді тәнті етті. Өте шапшаң, қолдары ширақ болашақ сарбаздардың қимылына ардагерлер дән риза болды.
«Еділ мен Жайық» әнін жанды дауыста шырқаған Қуандық Жәнібекұлы шараның шырайын келтіре түсті. Соңынан Құлсары қаласындағы «Германия Кеңес әскерінің тобы және Варшава келісім-шарт әскери тобының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Құттыбай Нұрбергенұлы осы шараға атсалысқан барша жандарға алғысын білдіре отырып, арнайы дипломмен марапаттады.
«Қазақ елі – мәңгілік ел» тақырыбындағы әскери-патриоттық кездесудің түпкі мақсаты – әскери борышын өтеуден жалтарып, қашып жүрген жастарды отансүйгіштікке шақыру, тәуелсіз еліміздің тұғырын биік ұстайтын, елі мен жерін сүйген сарбаздардың қалыптасуына ықпал ету. Осы жағынан алғанда, ардагерлер өз миссиясын орындап шықты деп есептейміз. Мұндай кездесулердің алдағы уақытта өз жалғасын табарына уәде берді.
Ерназ Алтайұлы