Негізгі білім ұлттық құндылықта

Ондаған жылдарға созылған білім реформаларының нәтижелері ресми статистикада жарнамаланып жатыр. Бұл бағыттағы ілгерілеу де, олқылықтар да қоғамнан әлі бағасын ала алмады. Балаларға жекелей және топтық жағдайда жаппай цифрлық жүйеде білім беру өскелең ұрпақ санасына шешуші өзгерістер әкелуде. Тапсырмаларды дайын жауаптар негіздемесінде орындау баланың жалпы психологиялық дамуын тежейді. Бұл, бір сөзбен айтқанда, ұлттық құндылықтардың жалпы орта білім беру саласынан алшақтауына алып келуде.

Оқулықтағы олқылықтар

Рас, жаңа технологиялық әдістер, дәрістердегі сансыз түрлі түсті көрсетілімдер, интерактивтік тақтадағы дайын ақпараттар белгілі бір дәрежеде білім жетілдіруге оңтайлы көрінеді. Өкінішке қарай, мұндай үрдіс баланың ойлау, оқу, жазу диалектісінен айырып, қоршаған ортаға селқос қарайтын тұлғаның қалыптасуына алып келіп жатыр. Қазіргі жастар табиғатының шынайы адами құбылыстарға икемделе алмауының сыры осында.

Сондықтан біз халықтық педагогикаға негізделген жалпы адамзаттық құндылықтарды үйрететін орта білім бағдарламаларын жасауға тиіспіз.

Оның басты негіздемесі – орта мектеп оқушыларының білім алуына жан- жақты әсер ететін оқулық. Білімнің қайнар көзі - кітап. Кітап білім алудағы басты тірекке айналуы керек. Мектеп оқулықтары балаларға тұтасымен ұлттың дәстүрін сіңіре білетіндей болғаны абзал. Кәсіптік бағдар оқушыларға тек соңғы үш жылда ғана берілуі керек. Жасыратыны жоқ, қазіргі оқулықтардың біразы орысшадан аударылып басылған. Кейбіріне ата-аналар түсінбей жатады. Мәтіндерінде қажетсіз артық ақпараттар көп. Бір кішкене ғана мысал: қазак халқын азапқа ұшыраткан Ф.И.Голощекинді суретімен қоса мемлекет және партия қайраткері деп жазады. Сол сияқты саяси партиялар мен ел билеген тұлғалардың кезінде жасаған азды-көпті тірліктерін баяндап саралайды. Мұның бәрі нақты біліми негіздемелерден алшақтап жатады. Мүмкін қазір енді мұндай олқылықтарға жол бермеу қарастырылып жатқан шығар. Өйткені мектеп оқулықтарының сапасын көтеру туралы мәселе қоғамда бар. Ертеректе менің бір сабағыма білім саласының бір өкілі қатысты. Содан сабақтың білімдік мақсатын орындай отырып, балаларға қазақтың ұлттық құндылықтары туралы біраз мағлұматтар бердім. Мұндай құнды ақпараттарға сусап жүрген оқушылар әлгі өкіл екеумізді орындарынан тұрып, мәдени түрде қол шапалақтап шығарып салды. Біраз өткен соң сол сабақ туралы жоғарыдан анықтама келді.

Онда «сабақ дәстүрлі, қарапайым, жоғарғы санат мұғалімі деңгейінде емес» деген сияқты пәтуалар жазылыпты. Әдейілеп сынау мақсатында жазылғаны сезілді, тапсырыспен аяқтан шалудың түрлі хикметтерін көргендіктен мен оған апши қоймадым.

Өкілдің өзінің сабақ өткізу тәжірибесі аздау ма деп ойласам да артық әңгіме айтпай өзіме тоқтау салдым. Білім саласында жүрген үлкен бір негізгі пәндік бағытқа жауапты маманның менің дәрісімдегі білімдік мақсаттың орындалуы мен балалардың ұлттық құндылықтар туралы мейлінше сусындап риза болғандығы жайлы бірауыз жылы сөз айтпауы мені ойландырып тастады. Белгілі бір шеңберден шықпайтын, айтылған мәселені орындап, қағаздың мұқияттылығына мән беріп отыратын жүйенің бір мүшесі ғой деген ойға тоқталдым.

Осы орайда оқу орындарындағы білім сапасына материалдық себептермен қоса мамандар мәселесі де біршама әсер ететінін айтқым келеді. Әсіресе, орта мектептерді басқару мәселесі қазір алаңдатарлық жайт болып тұр. Соңғы ширек ғасырда онда біршама олқылықтар сезілгендей.

«Ұлтты сүю – мінезден», мектептерге ер мұғалімнің тәрбиесі жетіспейді

Әрине, заң шеңберінде кедергі болмаса да, ер-азаматтардың мектеп басшылығына келмеуі мықтап орын тепті. Ер мұғалімдердің қызметтік өсуіне, қоғамда өзін көрсетіп елге пайдалы іс тындырып, өскелең ұрпақты тәрбиелеп өсірудегі өршіл сезімдеріне қандай жағдайлар тосқауыл болды? Әйтпесе, ұзақ жылдар мектеп басқарып, өздерін де, ұжымды да елге танытқан, қоғамды мойындатқан бөлім басшылары Жаролла Тәжіғалиев, Мәжит Сағиев, мектеп директорлары Хами Арыстанғалиев, Аманғали Арыстанов, Өтебалы Молдажанов, Оташ Күнбаев, Сайлау Мұханғалиев, Аязбай Ерғалиев, Сәкен Бозаев, Ғизат Ержанов, Наурызбай Төлеуов, Есенқұл Жиенқұлов, Орын Қаратаев, Ағынғали Дүйімбаев, Қуаныш Бақтығалиев, Досмұхан Ильясов, Мүбәрак Бектембаев, Болат Карамұрзин, Айтқали Ідірісов, Аманкелді Қарасаев, оқу ісі меңгерушілері Меліс Қақпанбаев, Өтеген Рахимов, Дүйсеш Меденов, Жұмабек Жанаев, Нұрлан Тілеуов, музыка мектебінің директорлары Қосан Үбіғалиев, Айтбай Таңқыбаев, Әлімжан Әбілханов, спорт мектебінің директоры Диас Сүлейменов сынды басқа да азаматтар қазір де жоқ емес, бар. Осындай тұлғаларды бүгінгі таңда неге өсіріп шығармасқа? Иә, ел ішіндегі жоғары педагогикалық білімі бар ер мұғалімдерді қамқорлап, материалдық жағынан көмектесіп, мектеп директорлығына тағайындау қажет. Керек десеңіз, жақсы ер-азамат ұстаздарды көрші аудандар мен облыстардан шақырту мәселесін қарастыру керек. Өйткені, мектеп директорлығына жоғары педагогикалық білімі бар ер-азаматтардың тұрақтамауы, әсіресе, осы Жылыой ауданында қатты белең алған. Бұл жайттар өзгенің конституциялық құқығына тиісу емес, ел аузындағы ұрпақ тәрбиесіне қатысты мәселе болған соң қозғап отырмыз. Ер-азаматтардың тәрбиесі қоғамға да, отбасына да пайдалы екендігі белгілі.

Бұл ретте билік айтылған пікірлерді оң қабылдап, тиісті қорытынды жасағаны абзал. Білім саласындағы бір айтулы қиыншылық – мемлекеттік сатып алу мәселесі. Қаржыгер, не экономист, не арнаулы шаруашылық маманы болмаса да, мектеп басшыларының бюджет қаражатының игерілуіне жауапты болуын қалай түсінуге болады? «Есеп-қисаптың қай тұсынан қате табылып қалады, ең болмаса маған тиіспесе болды» деп отырған басшының басқару сапасы мен беделі бола ма?

Ұмытпасам, 2017 жылы болу керек, бұрынғы ел басшылығының елдегі жемқорлық әрекетіне тосқауыл қою мақсатындағы мемлекеттік сатып алуды бір орталықтандыру туралы тапсырмасы болды. Алайда ол орындалмай қалды. Кезең - кезеңімен жасалуға тиісті тамаша идеяны қолдаушылар аз болды-ау деймін. Неліктен сең қозғалмайды, мұның қызмет сапасын жақсартудан басқа қандай артықшылығы бар еді? Жоғарыдан нұсқау күтпейтін, іскерлік тұрғысынан ұлт болашағын нығайтатын орта мектептерге ер-азаматтардың басшылыққа келуіне аудан әкімі және аудандық мәслихат кешенді түрде жоспарлы іс-шаралар жүргізсе дейміз.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылғы республикалық «Ana tilt» газетіне берген сұхбатында былай деген болатын; «Еліміздің тағдыры – жастардың қолында, біз Отаншылдығын нақты ісімен көрсететін, әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндеттіміз. Реформаның бәрін жастардың игілігі үшін жасап жатырмыз. Бұл әншейін сөз емес, мемлекет стратегиясының түпкі мәні». Міне, бұл Президентіміздің елдің бүгіні мен ертеңін ойлаған көреген саясаты.

Ендеше, біз оны қолдап, орындауға тиіспіз. Әсіресе ұстаздық жолды таңдаған жас жігіттерді, ер-азаматтарды қолдап, көтермелеп, өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне етене араластырғанымыз абзал. Өйткені отбасындағы әкелік мінез мектепке де керек.

Әлімберді Нәрікұлы,

«Кең Жылой» газетінің штаттан тыс тілшісі,

«Алтын Ордаға 750 жыл» республикалық ғылыми конференциясының І-дәрежелі дипломанты,

«Еңбек ардагері» медалінің иегері,

Құлсары қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT