Осыған дейін аудан оқушыларынан құралған «Jylyoi tehnik» командасы желтоқсанның 11-і мен 12-і күні Алматы қаласында өткен «Almaty Tech Cup - 2023» кезеңінен топ жарып, Үндістанда өтетін бүкіл әлемдік «The Goa International Robotics Competition» чемпионатына жолдама алғанын хабарлаған едік. Елімізде өткен чемпионатқа барлық өңірден 6-22 жас аралығындағы 2500-ден астам оқушы мен студент қатысқан-ды. Оның ішінде ауыл мектептерінің оқушылары да бар. Жас өнертапқыштар роботтар мен дрондар ойынында топ жарып қана қоймай, «Өнердегі ғылыми инновациялар» тақырыбында инновациялық жобаларын ұсынып, үздік деп танылған-ды.
Жақында Тынық мұхит жағалауынан да жақсы хабар келіп жетті. Команда жетекшісі Қуаныш Шалабаев бастаған жылыойлық балғын өнертапқыштар Үндістан чемпионатынан да топ жарды. Жетпіс оқушыдан құралған алты қазақстандық команда Үндістандағы робототехника чемпионатына қатысты. Олардың ішінде жылыойлық оқушылардан құралған «Jylyoi tehnik» командасы да бар.
Жылыойлық оқушылар, дәлірек айтқанда, бүкіл әлемдік «The Goa International Robotics Competition» чемпионатында «Team model» номинациясын жеңіп алды Олар әлемнің әр елінен барлығы 220 команда қатысқан «The Goa International Robotics Festival» ашық чемпионатында бақ сынасты.
Қуаныш Шалабаевтың айтуынша, жалпы команда құрамында төрт оқушы болған екен. Бірақ, Үндістанға екі оқушының ғана сапар шегуге сәті түскен. Олар: Даулет Жақия мен Әлихан Көшім, өз еңбектерін көрсетіп, «Team model» номинациясы бойынша командалық кубок пен сертификаттарға ие болды.
Жалпы аталған чемпионатқа тек құлсарылық қана емес, Алматы, Астана, Екібастұз қаласының командалары қатысты.
П.Қизатова