Өскелең ұрпаққа сапалы білім беру – әрбір ұстаздың қасиетті парызы. Ал, білім беру жүйесі – қай кезеңде болмасын қызығы мен қиындығы мол күрделі сала. Оқушыларды жүйелі түрде оқытып, білікті азамат етіп шығару ұстаздардың үлкен ізденісі мен қажыр-қайратын талап етеді. Осы бағытта 2024 – 2025 оқу жылында елімізде «943- нысаналы мектептер» жобасы өз жұмысын бастамақшы.
Жобаға Атырау облысының 46 мектебі, соның ішінде біздің аудан бойынша № 15 Сүлеймен Қарабалин атындағы және №8, № 17 жалпы орта білім беретін мектептер де енгізілді. Мұндағы «Нысаналы мектептер» жобасының мақсаты - жергілікті жерде білім беру процесін жақсарту үшін мақсатты мектептермен өзара әрекеттесу арқылы жұмыс құралдары мен тетіктерін ұсыну.
Облыстық әдістемелік орталығы мен «Өрлеу» филиалы қала, аудандық білім беру бөлімдері мен осы жобаға енген мектеп басшыларымен «Мақсатты мектептер» жобасы бойынша кездесу ұйымдастырылды. Онда жобамен жүргізілетін жұмыстар нақтыланып, күтілетін нәтиже және мұғалімдер стимулын көтеру мақсатында жобаны қорытындылау бағыты талданды.
Биылғы оқу жылында 1 сыныпқа қабылданатын оқушылардың деректері алынып, мектепке дейінгі ұйымнан келген әр бүлдіршіннің жасақталған даму картасымен жұмыс жүргізіледі. Жоба барысында 11 пән бойынша мұғалімдердің деректер базасы жасақталып, алғашқы қадам - біліктікті арттыру курстары ұйымдастырылмақ. Бұл курстар әрбір тыңдаушы үшін кәсіби даму жолындағы тағы бір өсу нүктесі болары анық.
№15 Сүлеймен Қарабалин атындағы жалпы орта білім беретін мектепте 11 пән бойынша 29 мұғалім жобамен жұмыс жасауда. 12 тамыздан бастап бастауыш сынып мұғалімдері біліктілік курсын бастап, алғашқы диагностикалық тестіден өтіп, модульдер бойынша бейнедәрістер алуда. 19 тамыздан бастап ағылшын тілі және тарих пәні мұғалімдері де өз жұмысын бастады. Бұл курстарда тек пән бойынша емес, нормативтік құжаттармен де жұмыс жүргізіліп жатыр.
Мектеп мұғалімдері өзіне жүктелген міндеттің маңыздылығын түсініп, жоба барысында білім сапасын арттыру әдісі мен тәсілдерін жетілдіретініне сенімді.
Майра ТАҢАТАРОВА,
№ 15 Сүлеймен Қарабалин атындағы жалпы орта білім беретін мектеп директоры