Мүсіндедім бәрін сырбаз сөзбенен...

Ісім болмай темір, қола, жезбенен,

Алтын, күміс – жыр іздеген кезбең ем.

Ақын, жырау, әнші, сазгер, сәулетші,

Мүсіндедім бәрін сырбаз сөзбенен,-деген жыр жолдары Қабиболла Сыдиықұлының төлқұжаты секілді бірден ақынды еске салады. Кең Жылыойдың кербез даласында дүниеге келіп, Жем жағасын жастана жырлап, Қарақұмнан бастау алған ізденіс жолы Маңғаз Маңғыстау жырауларының жырларын төзімі түгесілмей түгендеумен жалғасты. Дархан даланы әуелеген дария дастандарды қағаз бетіне түсіріп, ұрпаққа ұлы мұра қалдырып кетті. Ақынның өлеңдерінен туған жерге сағыныш, балалық және бозбала күндердің ерек естеліктерін көреміз, әдеби жазбаларынан, ғылыми мақалаларынан ұстаздық қызметі мен ғылыми бағыттағы тың серпілістері анық байқалады. Ақын «Кең Жылой» өлеңінде:

Қараштың миялы сайлары,

Жиенайдың жусанды жондары,

Ақкиіз самалы жайдары,

Жемімнің мөп-мөлдір сулары,

Көлқұдық жазығы, кетпейсің есімнен

Ойладым, жүрегім тулады – деп туған жердің табиғатын таңғажайыпқа теңеп, айшықты суреттеп әсірелейді. Шіркін, туған жердің топырағы да ыстық деген, Қараш, Ақкиіз, Жем, Көлқұдықты бір жолға сыйғызуы көзге оттай басылады. Бір-ақ жолдың өзінде аңсау, сағыныш секілді адамның түрлі сырлы сезімдерін сезіне аламыз. Жылыойдың табаны тиген жауһар мекендерінің бірін де ұмыт қалдырмай қасиет тұтып қадірлейді. Отанға деген сүйіспеншілік туған жердің тасын ардақтаудан басталатынын сөзсіз суреттейтіндей. «Кешкіл» өлеңінде:

Қарақұм қырларының,

Жатсаң да бір төсінде,

Жүректің жырларының,

Жүрсің сен тіркесінде,-деп жүректегі мөлдір сезімі болып өрілген Қарақұм топырағын қалай жырламасқа?! Осынау кішкене ауылдан үлкен армандардың жетегіне еріп Атырау, Маңғыстау, Алматы баурайларын асып, ғылымның қайнар бұлағын таба білді. Біз өлке жұртына үлгі етіп, талайлы ізденістеріне тамсанатын Қабиболла ақын алдымен туған жерін қадірлеген арда ұл екенін мақтанышпен ұлықтаймыз. Енді бір «Атырау» өлеңіне назар салсақ: Шалқы менің туған өлкем, Атырау,

Алып дене, албырт жүрек батыр-ау.

Асқақ ақын айлар жырлап шыға алмас,

Кең қойныңда миллион дастан жатыр-ау!

Расында, Атырау хас батырлар мен сөз сүлейлерінің өлкесі. Тау-тасы тарих болып күмбірлеп, сан мың дастан жыраларда жасырынып жатқаны да бар. Осы жыр жолдары Атырау жұртшылығының әнұранына айналып, әрбір осынау өлкені сүйетін ұл-қыздың отансүйгіштік қасиетін арттыра білді.

Жылыой ақындарын еске алғанда Қабиболламен қатар Меңдекеш Сатыбалдиевтің аты қатар аталады. Ақын досы Меңдекешпен бала кезінен ерке Жемнің жағасында сырласып, жалынды жастық шақтарына куә болған игі достар еді. Қ.Сыдиықовтың мұрағаттарынан аққан жұлдыздай өмірден ерте кеткен, өзінен ешқандай мұрасы қалмаған жас Меңдекештің естелік суреттерін көреміз. Қабиболла бұл суреттерді жеке қорында сақтап, керемет естелікті жас ұрпаққа сақтай білді.

Ақынның Меңдекешке кеудесін керген сағынышын бір өлеңмен жеткізуі мүмкін емес-ті, әйтсе де сырлы сазды «Өтсе де жылдар» өлеңінде әсерлі айшықтаған.

Сонау бір Жемнен соңыма ерген сен едің,

Сан серіктердің сыралғысы едің, жөні едің.

Қырларға шығып, қиырға көз сап қарасам,

Маңымда жоқсың, қайда бір, қайда жөнелдің?–дей келе құлазыған кезде жанына демеу болар, өзегін өрт қып жандырып келмеске кеткен досын, аяулы інісімен жарқырап өткен жылдарын іздеп тебірене тербейді.

Қабиболла Сыдиықұлы батыс өңірінің ақын-жазушылары Ф.Оңғарсынова, Ә.Кекілбайұлы, З.Қабдоловтармен және Жылыой өңірінің қаламгерлері М.Сатыбалдиев, Ж.Нұрмұханұлы, А.Үрімжанов, К.Ыбырайұлы, А.Ершуов, Қ.Қалдыоразұлы, М.Далбаев, Д.Жазықбаевтармен де жиі хат алмасып тұратынын, достық ілтипаты қағаз бетіне естелік болып қалғанын ақынның хаттарды тізбектеп жинаған альбомынан кездестіреміз.

Меңдекеш пен Қабиболланың жазбаларынан іні мен аға, шын бауырлар арасындағы адал достықтың лебі сезіледі. Өмірінің соңғы кездерінде Меңдекештің сырқатқа тап болып, ауруханадағы жағдайын жасырмай жазғанын да көре аламыз. Меңдекештің Қабиболла жазған хаттарынан бірер үзінді ұсынамын: «Сағынған досқа хат!»

Құрметті Қаби!

Сізге шын жүректен ыстық сәлем жолдаймын және қолыңызды қатты қысамын. Сонымен қатар жас творчествоңыздың өсуіне, әрқашанда саушылықта болуыңызға тілектестік білдіремін! Өзіңнің Меңдекешің.

***

«Қабеке! ...Сізді көптен бері көрмегендіктен бе, өте сағындым. Сондықтан да Сізге (көңілім жабырқау бола тұрады)... осы хатты жазып отырмын.

Мына схема менің науқасымдікі (суретін салған). Қазір емделіп жүрмін. Гурьев ОЕ поликлиникада істейтін Тый-Чинский деген невропатолог болатын. Менің науқасыма сол кісі еңбектеніп жүр. Шынын айтсам, сол кісі, туып, әлпештеп өсірген анамнан да артық сияқты»-деп хат жазып, жан сырын ақтарыла айтып, ерекше жақсы көргенін байқаймыз. Сөздерінен әсем саз бен әуезді ән төгіліп тұрғандай сезіледі. Меңдекеш тірі болса қазақ әдебиетіне лирикалық туындылардың талайы дүниеге келер еді.

Енді бірде:

«Құрметті Қабеке! Бүгін жұмысқа шықтым. Тым жалқауланып кетсем керек. Қалам жүрмейді. Бір публицистика жазуға тиісті екем, оны кеше үйде атқарып, біршама дедектетіп тастағандай болып ем, енді аяғы бұлаң құйрықтанып кетті.

Өз Меңдекешің. 27/ІІІ/1966.»

***

Құрметті Қабеке!

Ассалаумағалейкум! Хал-қуатыңыз қалай? Қоржын ауырлады ма? Ақ түйенің қарны қашан жарылады? Ақжарма күйін шертеміз бе? .... Газет шығарамыз. Ресми материалдардан босай бастадық. Өлеңдердің, басқа әлқиссалардың енді-енді жылжитын шығар.

Сағынышпен Меңдекешің. 7/IV/1966.

***

Бүгінгі күннен алдағы күннің үміті зор, – дей келе, Құрметті дос! Сіздің айтқан ақылыңызды әрқашанда іске асырмақпын. Маған айтқан ұстаздық дана сөзіңізді немен ақтасам деген ой кеудемде ұялап жүр. – деген. ….Хош, сау бол!

Хат күтем:М.С.

***

Фото салған хатыңды алып, өзіңмен бетпе-бет дидарласа алмағаныма іштей ренжіп, жабыңқы жанарыма жас іркілді. ... тарығып ем бір кезде, бекер екен. Көзім жетті. Тәтті екен өмір. Амал не, аурумен арпалыста «нем бар менің қалдырар?» деген пессимистік шикіл уайымға түсем. Осындайда жанашыр достың болуы бір емес,бір мәртебе ғой. Ұлы жолға билеті жоқ адамдай қаймыққан кезімде, соңғы хатың биікке серметті. Тобынан айрылған дала құсындай едім, қауысармыз деген арман асқарына талпындым.

***

....Алматыдан анда-санда хабар келіп жатады. Меңдекештің қазасы қатты қайғыртты. Көп қиындықтан құтылып, енді ғана сыбанып творчествоға кіріскен шағы. Бұл өлім нағыз сондай бір қолайсыз кезде қуып жететін болды ғой...

Сәлеммен Оспан-ғали. 5/IX-73 ж.

***

....Меңдекештің жайын естіп қатты қиналып жатырмыз, бірақ амал жоқ қой, біздің атымыздан келінге көңіл айтуларыңды сұраймын. Баршаңа сәлем.

Мені Бердібай деп білің. 8/ VІІІ-73 ж.

Мақаламыздың басын Қабиболла Сыдиықұлының туған жерге тағзымы іспетті арнауларынан бастап, мәңгілік адал дос, ауылдас аға-інінің ерекше ілтипатындай көрінген Меңдекеш пен Қабиболла арасындағы сыйластықтың биік шыңын көрсеткен хаттарымен жалғасын тапты. Екі мәселені қамтып екі арнаның тоғысар түйткілін іздегенім рас. Қабиболланы Жылыоймен жақындастырар ұғымдарды үндестіріп, ақынның сыршыл жанын, досқа, отанға деген риясыз махаббатын айқындауға тырыстым. Мақала ғылымның қара қайнары Қабиболланы танытып қана қоймай, шоқжұлдыздай жарқ етіп, ерте сөнген киелі мекеннің Меңдекешін, оның сыршылдығын, жанының сұлулығын сезіне білдік. Көңіл кірбіңін мұңмен арбамай, аяулы сезімін ауруға жеңдірмеген асқақ рухын көре білдік.

Жылыойдың тау-тұлғаларының інжу-маржандарын теріп оқып, ой түю – парызымыз. Жылыойдың ардақты азаматтарын үлгі тұту, жасаған игі істерін ұрпаққа таныстыру бүгінгі күннің арқалар жүгі болмақ. Қабиболла ақынның ізденіс жолында талмай еткен еңбегі - сарқылмас қазына, қазақ сөз өнерінің айрықша қасиеті деп білемін.

Ж.Бердіқұлқызы, аудандық музей әдіскері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT