Таяуда Ақкиізтоғай ауылындағы №10 Амангелді атындағы жалпы орта білім беретін мектеп базасында «STEAM – білім беру: ауыл мектептері үшін жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында серіктес мектептердің аудандық семинары өтті. Оған №1, 16, 21 мектептерінің педагогтері, мектеп директорлары мен жас мамандар қатысты. Семинар бағдарламасы мазмұнды іс-шаралармен өрнектелді. Ашылуында мектеп директоры Шамшырақ Қобанова «Ауыл мектебінің STEAM бағытындағы ізденістері мен табыстары» тақырыбында сөз сөйлеп, мектептегі қолға алынған жаңашыл жобалар мен жетістіктерге тоқталды.
- Семинардың мақсаты – ауыл мектептерінде STEAM бағытындағы білім берудің тиімділігін арттыру, шығармашыл мұғалімдердің тәжірибесін ортаға салу және жаңашыл әдіс-тәсілдерді енгізу жолдарын талқылау болды,- дейді мектеп директоры.
Мектеп психологі С.Талпақованың ұйымдастырған «Танысу – табыс кілті» атты тренинг қатысушылар арасында серпін мен ынтымақтастық орнатуға ықпал етті. Г. Ержанованың жетекшілігімен өткен «Ағаш бұйымдарын сәндеу арқылы STEAM жобасын жүзеге асыру» атты көрмеде оқушылардың қолөнер мен технологияны үйлестіре отырып жасаған жұмыстары көрсетіліп, ол көпшіліктің қызығушылығын оятты. «STEAM практикумы: Қолмен жасап, оймен тану» атты тәжірибе алмасу бөлімі де өте мазмұнды өтті. Онда К.Сисенова, А.Медениева және А.Сәттіғұл жетекшілік етіп, практикалық бағыттағы жұмыстармен бөлісті. Қатысушылар қолөнер, тәжірибе және өнер арқылы интеграцияланған сабақ үлгілерін тамашалады. Музыкалық үзілістен кейін С.Баспақова, Н.Сәдуақасова, И.Сидербаева және Ж.Оңдағанова ұйымдастырған «Ғылым және технология: күнделікті өмірдегі STEAM» атты шеберлік сағаты өткізілді. Онда оқушылардың күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді ғылым, математика және технология арқылы қалай шешуге болатыны көрсетілді. Семинар соңында қатысушылармен кері байланыс орнатылып, пікір алмасу жүргізілді. Ұйымдастыру жұмысын мектеп әкімшілігі мен оқу ісі жөніндегі орынбасары Қ.Заманғалиева жоғары деңгейде үйлестіре білді. Семинар STEAM бағытындағы жаңашыл ойлар мен тәжірибелерге жол ашып, ауыл мектептері үшін білім берудегі жаңа мүмкіндіктерді айқындап берді. Ұстаздар үшін бұл шабыт пен серпін беретін маңызды алаңға айналды.
Өз тілшімізден