Аудандағы барлық мектептің өз Президенттері бар. Жалпы мектепішілік Президент дегеніміз – сол мектептің белсенді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, мектеп басшылығымен бірге оқу үдерісін ұйымдастырудағы мәселелерді шешуге қатыса алатын жауапты, тәртіпті оқушы. Міне, осындай көшбасшы оқушылар аудандық білім бөлімінің ғимаратына жиналды.
Білім бөлімінің тәрбие ісі әдіскері Інжу Көшербайқызы мектептегі тәрбие жұмысын одан әрі дамытуда мектеп Президенттерінің үлесі зор екендігін баса айтып, оларда жүргізіліп жатқан жоспарланған жұмыстар туралы сөз етті. Сонымен қатар, "Біртұтас тәрбие бағдарламасы" "Ұлттық мүдде", "Ар-ұят", "Талап" құндылықтарымен жұмыс жасау жүйесін түсіндіріп, тәрбие жұмысына қатысты атқарылатын шараларға шолу жасады.
Сондай-ақ бұл күні Президенттердің төрағасы болып №2 жалпы орта білім беретін мектептің Президенті Нұрбақыт Қыстаубаев сайланды. Інжу Көшербайқызы жалындаған жастармен одан әрі сұхбаттасып, еркін ойға кезек беріп, олардың пікірін тыңдады.
П.ТӘЖІ