Мағжанның маржан жырлары

Қазақ әдебиетінің XX ғасыр басындағы жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаев - қазақ өлеңінің Абайдан кейінгі алыптарының бірі ғана емес, бірегейі де. Мағжан поэзиясының құдіреттілігі сол – ол оқырмандарына көтеріңкі көңіл-күй, бойға рух, жанға жігер береді. Жырлары жастардың қанындағы ұлттық рухты күшейтеді, отаншылдық сезімін арттырады. Оларды жаужүрек батырлыққа, елін, жерін сүюге тәрбиелейді.

Петропавл қаласындағы республикалық «Мағжан оқулары» байқауында аудандық, облыстық “Мағжан оқулары” байқауының жеңімпазы - №21 мектептің 10-сынып оқушысы Ақниет Аманжолова бақ сынады. Онда ұлтымыздың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын тереңнен танып, зерделеген талапты шәкірт пен ұстаздың еңбегі ақталып, мектебіміздің оқушысы «мыңнан тұлпар» шықты. Атап айтсақ: «Өлең - менің шолпаным, айым, күнім» номинациясы бойынша Ақниет Аманжолова 19 қатысушы үміткердің ішінен дараланып, жүлделі І орынды иеленіп, елге жеңіспен оралды. Осылайша Мағжан ақынның «Мен жастарға сенемін» деп бекер айтпағанына көз жеткіздік.

Жүлдегер Ақниет Аманжолова республикалық байқауға ақынның 130 өлеңімен барған болатын. Оқушының поэзияға деген құштарлығын арттырған, өлең сөздің құдіретін сезіндірген, жаңа тынысын ашқан, сырлы сезім мен терең ойды түсіндірген ұстазы Ажар Түйешиеваның еңбегі орасан.

Иә, Мағжан мұрасы - ұрпақтан ұрпаққа жетіп отыратын асыл мұра. Кеудесіндегі жүрегі «Мен - қазақпын» деп соғатын еліміздің әр азаматы Мағжан шығармаларын оқып, біліп, сезінуге міндетті.

Айна Құрманова,

№21 мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT