Аудандағы «Қызғалдақ» балабақшасында ұлттық тәрбиеге негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында шаралар ұйымдастырылуда. Мектепке дейінгі білім беру ұйымының қазақ тілі маманы Есенгүл Қалыбаева «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» атты тәрбие сағатын өткізді.
Онда педагог «Дарын» мектепалды даярлық тобының балаларына ұлттық ойындарды ойната отыра логикалық ойлау қабілеттерін дамытып, тез ойлауға, ептілікке, шапшаңдыққа үйретіп қана қоймай, балалардың адамгершілік, адалдық, әділдік, сезімталдық қасиеттерін қалыптастыруға, өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттырып, салт-дәстүрлерді, ұлттық құндылықтарды сақтай білуге үндеді. Балалардың тіл байлықтарын арттыру, сөздік қорларын дамыту осы шараның басты мақсаттарының бірі болды. Соған орай балабақшаның залы ұлттық нақышта безендірілген. Киіз үй құрылып, қатысушылар ұлттық киімдер киген. Бір кезде ортаға қолына қоржын ұстаған Бай ата шығады. Ер балалар «Ассалаумағалейкум» деп амандасып, ақсақалдан жөн сұрайды. Қолындағы ұлттық оюмен көмкерілген қоржын туралы толығырақ мәлімет берген ата оның ішінде балаларға базарлық бар екенін айтып, оларға тапсырмалар бере бастайды. Яғни, мақал-мәтелдің жалғасын табу, киіз үй туралы, оның жабдықтары жөнінде сұрақ қояды.
Шара соңында балаларға «Қаражорға» биін билетіп, қоржыннан шыққан тақиялар мен тәттілерді белсене қатысқан барлық балаға үлестіріп берді.
- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек, ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл үлкендердің кінәсі»-деген еді.
-Әділетті Қазақстанды құру үшін бүкіл қоғам болып жұмылу керектігін, ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажеттігін, халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс екендігін, әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер болатындығын нақты атап өтті. Өскелең жас ұрпақты рухани-адамгершілік қасиетке баулу, тәрбиелеу – барлық кезеңде өзекті. Біздің келешегіміз – жасұрпақ, ал ұрпақ тәрбиесі адамзаттың мәңгілік тақырыбы,-дейді Есенгүл Қалыбаева.
П.ТӘЖІ