Құлсарылық Нұрдәулет ерекше йогурт ойлап тапты

Қарапайым маска түріндегі пайдалы өнім адамды жасартуға бастайтын бірден-бір мүмкіндік.

Қазіргі таңда шаш күтіміне арналған сусабындар өте көп. Бірақ оның табиғилығы қаншалықты сақталған, пайдалы ма, жоқ па, ол жағына бәріміз бірдей көз жеткізіп жатқанымыз жоқ. Ал ғылымның басты мақсаты – табиғи өнімнің қасиетін сақтай отырып, кәдеге жарату.

Міне, осы мақсатты мықтап ұстанған Құлсары қаласындағы №8 жалпы білім беретін орта мектептің 9 «а» сынып оқушысы Нұрдәулет Мандияров химия пәнінің мұғалімі Фарида Машырықованың жетекшілік етуімен алоэ өсімдігінен бетке арналған маска, сусабын және балаларға арналған йогурт жасап шығарды.

-Нәтижесінде алоэны зерттеген ол өсімдіктің қасиетін жоғалтпай, құрамындағы элементтер сақталған қолжетімді өнім алу бағытындағы ғылыми жобаны іске асырды. Қарапайым маска түріндегі пайдалы өнім адамды жасартуға бастайтын бірден-бір мүмкіндік. Бір ерекшелігі ол баршаға қолжетімді және кез келген адам жасай алады, нәтижесі бірден байқалады. Алынған өнімнің табиғилығы сақталған, пайдасы ұшан-теңіз. Ғылыми жоба арқылы оқушы тақырыпты ашып қана қойған жоқ. Адамның бет күтіміне арналған маска, иммунитетті көтеретін тұнба және пайдалы сусабын дайындау арқылы оны бұқаралық сипатқа айналдыруды көздеді. Ғылыми жобаның құндылығы да сонда, - дейді химия, биология, география пәндерінің бірлестік жетекшісі А. Әкім.

Бірлестік жетекшісінің хабарлауынша, оқушының ғылыми жоба аясында дайындаған иммунитеттік тұнбасы да өзінің маңыздылығын дәлелдеді. Себебі алоэ өсімдігінің құрамындағы микроэлементтердің әсері жойылмай, адам ағзасының дамуына тікелей ықпал ететіні анықталды. Өйткені тұнбаның ауруларға қарсы күресу мүмкіндігі зор, емдік қасиеті мол. Ол табиғи өнім ретінде жеңіл жасалады. Сондықтан кез келген адам дайындай алады.

-Оқушының ғылыми жоба аясында тәжірибелік мүмкіндігін сынап көруі жоғары нәтиже көрсетті. Бұл ретте алоэдан дайындалған өнімнің табиғилығы мен пайдалылығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, нәтижелі жұмыс жасаған Нұрдәулеттің мақсаты: өсімдіктен қолжетімді бұйымдар әзірлеп, күнделікті қолданысқа енгізу еді. Осы жағынан алғанда оқушы діттеген мақсатына жетті деуге болады. Зерттеушілік дағдысының жоғары деңгейде екенін танытқан оқушы бұл тақырыпты үлкен ғылыми зерттеу нысанасына айналдырмақ. Осы орайда жас жеткіншектің жетекшісі Фарида Маратқызымен бірге ауқымды істер тындырарына сенім мол, - дейді бірлестік жетекшісі.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521