«Үлкеннің жолын кеспе...»

«Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасында ерекше шара өтті. «Баланың тәрбиесіне тек ата-анасы жауапты» деген стереотипті жоққа шығаратын тәрбиелік мәні зор шараны сол балабақшаның тәрбиешісі Зәуре Жұмабаева ұйымдастырды. Нақтырақ айтқанда, онда ауылдың иісі мұрныңа келіп, көңіліңді жылытатын, бәрінен бұрын енді өсіп келе жатқан ұрпақ жадында қалдырар ойы бар әдемі көрініс сахналанды.

Мұндағы «Балдәурен» тобының тәрбиешілері осылайша ел ертеңін ұлттық құндылықтарға тәрбиелеуге зор үлес қоспақ. Айталық «Алыстан сәлем береді, әдепті елдің баласы» деп аталған көріністе ауылдың көркі суреттелген. Киіз үйдің іші ұлттық нақышта көркемделіпті. Бір жерде ұлдар ханталапай ойынын ойнап отырса, енді бір жерде аналарымыз қыздардың шашын өріп отырады. Бір кезде кимешек киген әже ауылға қарай алшаң басып келе жатады. Жүрісі ширақ ойын баласы әженің жолын кесіп өтеді. Мұны байқаған анасы баласын дереу тоқтатып, үлкен кісінің жолын кесу әдептілікке жатпайтынын, қазақта «үлкеннің жолын кескен жанның жолы болмайды» деген сөз бар екенін түсіндіріп, әжеден кешірім сұрауға үндейді. Мұны түсіне қойған ұл қарт кісіден кешірім сұрап, әдептіліктен аттағаны үшін ұялып тұрғанын білдіреді. Сондай-ақ көріністе қазақ келіндерінің әжеге сәлем салуы, ақ жаулықты анамыздың жанына кішкентай балаларды жиып алып, сәлем беру туралы түсініктерді әңгімелеп отырған жылы сәттері көрініс табады.

-Осы арқылы балабақша бүлдіршіндеріне «Сәлем – сөздің анасы» деген мәтеліміздің түп-төркінін түсіндіргіміз келді. Ұлттық тәрбиемізді әрқашан жадымыздан шығармай, бір-бірімізбен әдеппен амандасып, үлкеннің алдын орамай, құрмет көрсетіп жүрсек, қазақтың нағыз ұлттық жауһар салт-дәстүрлері ұмытылмайтынын түсінеміз. Осы ойымызды тәрбиеленуші бүлдіршіндеріміздің де жадына құю басты мақсатымыз болатын. Әне-міне дегенше балалар балабақшаны аяқтап, мектепке қадам басады. Сол кезде біздің берген тәрбиеміз кәдеге асса ғой деп армандаймыз,-дейді тәрбиеші-педагог Зәуре Жұмабаева.

«Ат кісінескенше, адам сөйлескенше» дегендей, адамдар бір-бірімен жолыққанда айтатын алғашқы сөздері - сәлемдесу. Сондықтан, осынау ұлттық құндылыққа ұқыптылықпен қарауға шақыратын шараның мәні тереңде жатыр. Расында, сәлемдесудің кереметі пенде баласының бір-біріне жылы мейірім мен кең пейіл көрсетуінде, достықты, жақындықты бейнелеуінде жатқаны анық.

П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT