Күзгі жәрмеңке - берекенің бастауы

Балалардың күз мезгілінің ерекшелігін, күзгі молшылық, береке туралы түсініктерін кеңейту мақсатында “Қызғалдақ” балабақшасының “Ақтиін” ортаңғы тобы жәрмеңке өткізді.

Алдымен топ жетекшісі Гүлнар Қоқанова ортаға түрлі жеміс-жидектер мен көкөністердің киімін киген тәрбиеленушілерді шақырды. Олар “Күз” әнін хормен орындап, көкөністер мен жемістер туралы тақпақ айтты. Бұдан соң күздің берекелі, мерекелі кезін насихаттайтын жәрмеңкеге кезек берілді.

Топ ата-аналары ұйымшылдықпен дайындаған күзгі жәрмеңкеге түрлі жеміс-жидектер мен көкөністер, ұннан дайындалған тәтті бәліштер мен тоқаштар, т.б. қойылған. Гүлнар Нәсіпқалиқызы балаларды  бастап әкеліп,  олардың экономикалық білімдерін кеңейту мақсатында қағаздан жасалған ойыншық ақшалар арқылы сауда жасауды үйретуде. Ал жәрмеңкеге шыққан жеті ата-ана мен балалары арнайы аспаз киімін киіп, алушыларға тағамдардан үлестіріп жатты. Осылайша тәрбиеленушілерді дәруменге бай түрлі көкөніс, жеміс-жидектермен таныстыра отырып, олардың болашақта еңбекқор болып қалыптасуына ықпал ететін іс-шара жоғары деңгейде өтті. 

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT