«Атырау жаңа мектебі» жобасы аясында білім жетілдіру мектеп командасы үшін жаңа серпін болды десем қателеспеймін.
Қазіргі жаһандану мен технологиялық дамудың қарқыны жаңаша ойлауды, жаңаша басқаруды талап етеді. Сондықтан мектеп командасын тиімді басқаруда мектеп менеджерлерінің өзгерістерге бейім болуы шарт.
«Атырау жаңа мектебі» жобасының мақсаты да - мектептердегі басқарушылық командаларын кәсіби тұрғыдан қайта даярлау. Бағдарлама бес бетпе-бет оқыту модульдері мен қолдау вебинарлары, симулятор ойындар, жоба жұмысы және сүйемелдеу форматында өтті. Бағдарламаның тиімділігі: оқыту мен тәрбиелеу сапасын арттыру, өзгерістерді басқарудағы дағдыларымызды жақсарту және педагогикалық ұжымның кәсіби деңгейін көтеру.
Құлсары қаласындағы №1 жалпы орта білім беретін мектептің басқарушы командасы – өзім және оқу ісі орынбасарлары Ф. Ықсанова мен Г. Ілесова. Бірінші кезеңнен өтіп келгеннен кейін әріптестерімді, мектеп ұжымын «Бізбен бірге болыңыз» семинар-тренингісіне шақырып, «Атырау жаңа мектебі» жобасының негізгі мақсат мен міндеттері туралы түсіндірме жұмысынан бастадық. Басқарушы команда ретінде бес модульдік курс бойынша әріптестерімізге жаңа идеялар мен тәжірибелер ұсынып, өз тәжірибесімен де бөлісіп отырдық. Жоба аясында мектебімізде тиімді басшылық, өзгерістерді басқару, әдістемелік көшбасшылық, мектеп қоғамдастығын дамыту және заманауи технологияларды интеграциялау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Мектеп ұжымы TedX форматында шабыттандырушы сессиялар, Lesson Study және Action Research зерттеулері, командалық тренингтер, шығармашылық шеберханалар ұйымдастырып, мұғалімдердің кәсіби әлеуетін арттырды.
Осы жобаның басты ерекшелігі - мектеп басшыларын Эстония, Финляндия сынды елдердің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беруі еді. Шетелдің білім ордаларынан танысқан тәжірибелерді саралап, өз мектебімізге енгізе бастадық. «Көңілді қоңырау», бір сыныпқа сабақ беретін пән мұғалімдерінің отырысын айына екі рет өткізу секілді іс-шаралар тиімділігін көрсетті. «Дамытушы әңгіме» - мектеп басшысы мен педагогтардың жеке кәсіби әңгімесі. Осы әдісті «Кәсіби әңгіме» деген атаумен және кері байланыс сұрақтарын ұсына отырып, оқу жылының соңында өткізіп шықтым. Осыған дейін пән бірлестіктерімен жүзеге асатын. Басшы ретінде әр педагогты жеке тыңдаудың нәтижелі болатынына көзім жетті.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, «Атырау жаңа мектебі» жобасы аясында бағдарлама операторы ретінде EdCrunch Academy Сингапур елінен ментор Лилия Мухаметшина, педагог-тренер, Ustart жобасының жетекшісі Ескендір Бестай, тренер-практик Құралай Байтажикова, Ресейдің «Летово», «Болашақ мектебі», Түрік елінің жетекші мектеп мамандары мен оқытушыларын тартуы - қатысушыларға мотивация берді.
Жаңа оқу жылында мектеп ұжымы білім сапасын нақты көрсеткіштерге көтеруді, мектепішілік бақылауды тиімді және жүйелі жүргізуді, педагогтардың кәсіби өсуін басты мақсат етіп отыр. Ендеше, 2025-2026 оқу жылында әріптестеріме еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеу жолындағы игі ісіне нәтижелі жұмыс, толағай табыс тілеймін.
Назгүл ШарҒабаева,
№1 жалпы орта білім беретін мектеп директоры,
Құлсары қаласы