Қазіргі таңда ақыл-ойы мен тілі дамымай қалған балалар саны көбейді. Бұған бейжай қарай алмаған «БолашақК» қоғамдық қоры 2024 жылы «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында ауданымызда «Білім беру мекемелері мамандарының инклюзивті сыныптарда жұмыс істеу әлеуетін арттыру» жобасын іске асырды.
Осыған орай ерекше балалар үшін теңдей қолжетімді білім беру кеңістігін құрған жобаның конференциясы жақында Құлсары қаласында өтті. «Инклюзивті білім беру: тәжірибе, даму және мүмкіндіктер» деп аталған конференцияға мұғалімдер мен түзету мамандары, сарапшылар, логопед-дефектологтар қатысып, практикалық білімі және тәжірибесімен бөлісті.
Алғашқы сөз кезегін «Болашақ К» қоғамдық қорының директоры, реабилитолог дәрігер Жібек Бисенова алды. «Теңізшевройл» компаниясының өкілі Нұрлан Ерғалиев жобаның жемісті болуына тілектестігін білдірді.
Пленарлық отырыс басталып, облыстық Білім беру басқармасының әдістемелік орталығының инклюзивті және арнайы білім бөлімінің әдіскері Ардақ Урымбаева «Инклюзивті білім: даму ерекшеліктері мен перспективалары» тақырыбында баяндама жасады. Бұдан соң Алматы қаласынан арнайы келген инклюзия бойынша халықаралық сарапшы, «Insight school» инклюзивті мектебі мен инклюзивті ресурстық орталығының негізін қалаушы Салтанат Мұрзалинова «ЦСИП», «Инсайт» инклюзивті мектептері жайында әңгімеледі.
- Бұл шараға қатысудағы мақсатымыз – өзіміздің тәжірибемізбен бөлісу. Біздің бастамамыз – азаматтық бастама. Біз өз қорымызды қарапайым балалардың ата-аналары, ерекше балалардың ата-аналары үшін арнайы құрдық. Ерекше қажеттіліктері бар барлық балалардың салауатты әлеуметтік ортаға қосылуын қалаймыз. Эмпатияға, қабылдауға, психологиялық көзқарасқа салауатты көзқарас қалыптастыруымыз керек. Инклюзивті білім берудің негізгі бірнеше проблемасы бар. Бірақ бәрінен бұрын ерекше қажеттілігі бар балаларға жеткілікті негізде қарайтындай қоғам дайын болмауы мүмкін. Аймаққа осындай қоғам құруға көмектескіміз келеді,-деді сөз басында.
Сонымен қатар, облыстық Білім беру басқармасының №2 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация орталығының басшысы Айман Сатқалиева «Арнайы білім берудегі психологиялық, медициналық, педагогикалық кеңестің жұмысы және оның үлесі» тақырыбында әңгіме өрбітті. «Болашақ К» қоғамдық қорының нейропсихологі, логопед-дефектолог Үміт Ниязбаева «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытудағы нейропсихологиялық тәсілдер: көз, қол координациясының сызу, оқу, жазуға әсері» тақырыбында баяндама жасады.
Бұдан соң конференцияда «Қазақстан Республикасындағы инклюзивті білім берудің нормативтік-құқықтық құжаттары» және «Инклюзивті коммуникациялар» атты екі семинар өтті. Онда қатысушылар инклюзивті білім берудің өзекті мәселелерін, Қазақстандағы осы саланы дамытудың озық тәжірибесі мен перспективаларын талқылады.
-«Ерте араласу» жобасы бойынша біз ауданға бірнеше мәрте келіп жүрміз. Барлық жердегідей Жылыой ауданындағы жағдай қиын. Ерекше балалардың саны көбейіп жатыр. Қазақтар баланы сөйлемесе, тентек болса ерке деп, «нағашысы 6 жастан сөйледі, әкесі 7 жастан сөйледі» деп жүре береді. Негізінде баланы 1 жастан бастап бақылап, тіпті қырқынан шыққаннан кейін баланың эмоциясы бар ма, көзге қарай ма, күле ме, гуілдей ме, былдырлай ма, соны біліп, байқап, егер одан тежелу болса, арнайы маманға барып және онымен бірлесіп ауқымды жұмыс жасау керек. Ата-ананың рөлі өте маңызды. Қазір ата-ана баламен сөйлесуден қалды. Себебін білесіздер: нәпақа табу, жұмыс, вахта, той-садақа, одан қалды телефонға телміру дегендей шаруалары көбейіп, керісінше балаға қарауға бос уақыты жоқ. Сол себептен, көбіне баламен сөйлеспейді, оған мән бермейді және гаджетмания дейтіні тағы бар. Осындай жағдайдың кесірінен балалардың кеш дамуына душар болып жатырмыз. Сондықтан біз Құлсарыдағы мамандар, ата-аналар үшін пайдалы әрі бала үшін өте қажетті семинар, тренингтер өткізіп келеміз. Осы іс-шаралардың көмегімен бізге педагогтар мен мамандардың кәсіби дағдыларын едәуір нығайтуға, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың ата-аналарымен тығыз жұмыс жасауға мүмкіндік берілді. "Білім беру мекемелері мамандарының инклюзивті сыныптарда жұмыс істеу әлеуетін арттыру" жобасын іске асыру барлық балалар үшін әділ және қолжетімді білім беру кеңістігін құруға ықпал етеді. Сол арқылы ауданда инклюзивті білім беруді жақсартуға маңызды үлесін қосады,- дейді Ж.Бисенова.
П.ТӘЖІ