Кітапханашы – руханият жанашыры

Кітап оқу - адамның тұлғалық болмысына, ақыл-ойы мен тәрбиесіне азық болатын рухани құрал. Ол адамды ойландыратын, дамытатын, өмірдің терең мәнін ұғындыратын сенімді серік. «Бірақ біз осы мүмкіндікті қалай пайдаланып жүрміз? Қанша кітап оқысақ та, біліп-түйгеніміз санамызға сіңіп, өмірімізге әсер етіп жатыр ма? Қазіргі таңда жастардың кітап оқуға деген құштарлығы қандай, қалай оқу керек?» деген көкейдегі көп сауалды негізге алып, оған жауап іздеу үшін Құлсарыдағы №1 қалалық кітапхана меңгерушісі Нұрсұлу Бердібековамен сұхбаттасқан едік.

– Нұрсұлу Самсақызы, сіз кітапты қалай оқисыз, кітапхана меңгерушісі ретінде белгілі бір әдісіңіз бар ма ?

– Кітап оқу – білімге бастар жол. Бірақ әр кітапты дұрыс, мағыналы оқу үшін арнайы дағдылар қажет. Ең алдымен, мақсат қойып, екіншіден зейін қойып, түсініп әрі түйсініп оқу керек. Мен өзім қолыма қалам алып маңызды тұстарды түртіп, көшіріп отырғанды жөн көрем. Ал оқып болғасын ойыңызды достарыңызбен, жанұяңызбен бөлісіп, пікір алмасыңыз. Менің кітаппен дос болуыма әкем себепкер болған. Ол кісі оқыған әдеби кітаптары мен көркем-әдеби журналдан оқығанымен бөлісіп отыратын. Содан кітапқа деген қызығушылығым оянды. Кітапханада да оқырмандар арасында оқыған кітаптарымен бөлісетін пікір алмасу кештері өтіп тұрады. Кітап оқу жай әрекет емес, жан мен ойдың жұмыс істеуі. Әр кітап – жаңа әлем. Оған сапар шегу біздің шынайы ықыласымызға тікелей байланысты.

– Қазіргі жастар кітапханаға келуге, кітап оқуға қаншалықты құштар?

– Жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы бар, олардың арасында оқу мәдениеті жойылған жоқ. Десе де ол цифрлық форматқа байланысты деп ойлаймын. Көптеген жастар электронды кітаптарды оқып, аудиоларды тыңдағанды жақсы көреді. Сондықтан дәстүрлі кітапхана емес, “жаңа форматтағы” коворкинг, мультимедиа, шығармашылық кеңістігі бар кітапханаларға қызығушылық артып келеді. Кейбір жастардың кітапқа деген қызығушылығының төмендеуінің себебі - смартфон, интернет, әлеуметтік желілер. Бірақ заман талабына сай кітапханаларда әдеби квесттер, интеллектуалды ойындар, буктрейлер, поэзия кештері, тренинг сияқты шығармашылық жобалар өткізу жастардың өзара қарым-қатынас жасауына мүмкіндік береді. Кейбір кітапханаларда жаңашылдықтың, заманауи сервистің болмауы, яғни, заманауи технологияларды, жаңа жобалар мен шығармашылық тәсілдерді қолданбау оқырман тартуға кедергі келтіретіні рас. Бұл жағдайдың бірнеше себебі бар. Жалпы айтқанда, материалдық-техникалық базаның әлсіздігі, кітапханашылардың кәсіби дамуының шектеулігі, яғни заманауи әдістерге бейімделу үшін үздіксіз оқу, тәжірибе алмасу, тренингтер қажет. Біздің орталық кітапханада әдіскерлер жыл сайын кәсіби сабақтар мен семинарлар, тренинг, ойындар өткізіп тұрады. Әріптестер өз жұмысындағы сәтті жобаларымен бөліседі. Жаңа әдіс-тәсілдер, инновациялық идеялар ортаға салынады. Демек, қазіргі жастардың кітапханаға келуіне деген құштарлығы бар, бірақ бұл құштарлық кітапхана қандай орта ұсына алатынына байланысты артып отырады. Оның үстіне кітапхана заманауи талапқа сай ғимараты тартымды, толыққанды жабдықталса, нұр үстіне нұр болар еді. Жастар – жаңашыл, шығармашыл, еркіндікке құмар буын. Сондықтан оларды тарту үшін кітапханалар да өз қызметін жаңартып отыруы керек.

– Өзіңіз атап өткендей, әлеуметтік желілердің кітап оқу уақытының орнын басуы қазіргі заманның дерті секілді. Олай болса, кітап оқуға деген ынтаны қалай арттыруға болады?

- Кітап оқуға ынтаны арттыру – әр адам үшін әртүрлі тәсілді қажет ететін процесс. Ең әуелі, қызығушылыққа сай кітап таңдау керек. Өзіңізді қызықтыратын жанрдағы еңбекті қалап оқыңыз. Мысалы: детектив, фантастика, мотивация, өмірбаян, т.б. Бірінші беттен бастап қызықтырып әкететін кітаптар таңдауға тырысыңыз. Оқу жоспарын құрып, күніне 10–15 бет оқуды мақсат етіп, аптасына 1 кітап немесе айына 2 кітап деп жоспарлаған дұрыс. Күн сайын белгілі бір уақытта мысалы, ұйықтар алдында, таңғы шайдан кейін оқуға үйреніңіз. Телефоннан аздап алыстау үшін «оқу уақыты» деп белгі қойыңыз. Кітап таңдағанда қалың кітаптардан емес, қысқа, қызықты повестерден бастаңыз. Әдеби эссе, заманауи қазақ прозасы немесе тіпті ертегі түріндегі кітаптардан бастау жеңіл болады. Сонымен қатар кітапхана клубтарына, кітапханадағы оқырман шараларына қатысу да ынталандырады. Біздің кітапханада “Жас оқырман” клубы бар. Олар – біздің тұрақты оқырмандарымыз. Кітап оқып қоймай, кітапханада өтетін іс-шараларға да белсенді араласады. Көрініс қояды, поэзиялық кештерге, тренингтер мен әдеби квестерге, сайыстарға, қызықты ойындарға қатысады. Бұның барлығы келген оқырманды ынталандыру үшін. Әр адам өзін оқу жолында тәрбиелей алуы тиіс.

– Кітапқа құштар адамдардың арасында да кітап оқу барысында зерігіп кету процесі көп кездеседі. Оның алдын алу үшін не істей аламыз?

– Кітап оқу барысында зерігіп кету көп адамның басынан өтетін қалыпты жағдай. Ең әуелі, бұл кітапты неліктен оқып жатқаныңызды ойлаңыз. Егер нақты мақсат болмаса зерігу пайда болады. Зерігіп кетудің алдын алу үшін оқырманға бірнеше әдісті ұсынып көрейін. Біріншіден, оқу барысында жалығып бара жатсаңыз, оқу форматын ауыстырып көріңіз. Қағаз кітаптан шаршасаңыз аудиокітап тыңдаңыз. Кітап оқығанда тыныш, жарық жерге барыңыз. Ыңғайсыз отырыс, нашар жарық зейінге кері әсер етеді. Орныңыздан тұрып, жаттығу жасаңыз немесе таза ауада жүріп келіңіз. Ми тынығып, зейін қалпына келеді. Ең маңыздысы, оқу барысында үзіліс алып үйреніңіз. Мүмкін, оқып жатырған кітап сіздің қызығушылығыңызға сай келмейтін шығар. Біз маман ретінде осы процесті ескеріп, кітапханаға келген әрбір оқырманның жас ерекшелігіне қарай, «Қандай мақсатпен оқығысы келеді?», «Қандай жанрды қалайды?» деген сұрақтар қойылып, сұранысын орындап отырамыз. Сонымен қатар оқырмандардың кітап таңдауына көмектесеміз. Кітаптың қысқаша мазмұнын, қызықты тұстарын немесе автор туралы мәлімет беріп, оқырманға оқуға ұсынамыз. Атап айтар болсақ, “Көп оқылатын кітаптар”, “Айдың үздік кітабы”, “Жаңа түскен әдебиеттер” сынды бұрыштар, көрмелер жасалып, оқырманға көмек көрсетіледі. Кітапханашының басты міндеті - оқырман мен кітап арасында көпір бола білу. Адам оқыған сайын білімге ие болады. Ал білімі артқан сайын білігінің аз екенін сезіне бастайды. Бұл сезім адамды көбірек оқуға итермелеп оқу дағдысын қалыптастырады. Бірақ қолға түскен әр кітапты емес, пайдалы, құнды кітаптарды таңдап оқу керек. Маңызды болғаны көп оқу емес, жақсылап оқу. Жақсылап оқи алған адам оқығанын түсініп, сол жайлы ойланып, өміріне ғибрат ала алады.

– Әңгімеңізге рақмет! Руханият жолындағы еңбектеріңізге толағай табыс тілейміз!

Түйін: Расында да №1 қалалық кітапхана меңгерушісі Нұрсұлу Бердібекова айтқандай, қазір оқыған кітаптың саны емес, кітаптың мазмұны мен оқығанымызды түсіну, әрі өмірімізде қолдана білу аса маңызды. Сондықтан кітаппен дос болу өзіңмен рухани байланыс орнатудың ең әдемі жолы екенін естен шығармаған жөн.

 

Сұхбаттасқан Әйгерім Ғалымжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT