Кітапхана сөресі толықты

Аудандық орталық кітапхана – өңірдің руханиятын дамытуға үлес қосып отырған маңызды нысанның бірі. Білім мен парасаттың алтын ордасы саналатын осы мәдениет ошағы жуырда өзінің кітап қорын жаңа туындылармен толықтырды. Бұл кітапсүйер қауым үшін қуанышты жаңалық болары сөзсіз. Жаңа түскен әдебиеттердің қатарында еліміздің көрнекті тұлғалары туралы жазылған өмірбаяндық, портреттік, көркем және публицистикалық еңбектер пен поэзия, драматургия, балалар әдебиеті секілді жанрлар қамтылған.

Нақтыласақ, Бекет Момынқұлдың қазақ батыры, қаһарман Бауыржан Момышұлы туралы «Момышұлы әлемі» шығармасы мен Гүлнәр Әбдірахманның қазақтың көрнекті композиторы Ғазиза Жұбанованың шығармашылығы туралы жазылған «Ғазиза Жұбановаға тағзым» портреттік кітабы оқырманның көкжиегін кеңейтіп, еліміздегі танымал тұлғалардың өмір жолынан сабақ алуға шақырады. Ал Рысбек Қыдырбектің «Мылтықсыз майдан» кітабы ұлттың намысын көтерген чемпиондар мен олардың ұстаздары, сондай-ақ спорттағы өзекті проблемалар жөнінде біраз мәліметті өрбітеді.

Одан бөлек Нұрлан Қуантайұлының «Күзгі назды әуез» өлеңдер жинағы мен Қажығали Мұханбетқалиұлының «Сағындым сені», Баянғали Әлімжановтың «Өмір сырлары» әңгімесі, Ғарифолла Есімнің «Әйгілі есімдер» эсселер кітабы, Сұлтанәлі Балғабаевтың «Мәңгілік өмір – махаббат» пьесалар мен Темірхан Медетбектің «Қайран өмір» көркем шығармалар жинақтары кітапхана оқырмандары үшін арнайы әкелінді. Бүлдіршіндер мен жас оқырмандар да назардан тыс қалмады. Балаларға арналған әдебиеттер де жаңарып, кітапхана сөрелерінен өз орнын тапты. Бұл тұста библиограф Жанат Алашбайқызы жылыойлықтарды кітап оқуға шақырып:

- Кітап оқу – сана көкжиегін кеңейтудің ең қарапайым әрі оңай жолы. Сондықтан да аудан тұрғындарын жаңарған кітап қорымен танысуға, рухани әлемге саяхат жасауға шақырамыз. Кітапхана есігі сіз үшін әрдайым ашық!-дейді өз сөзінде.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT