Кітап – адамзаттың рухани байлығының сарқылмас қайнар көзі. Ол тек білім мен ақпарат тасымалдаушы ғана емес, адамның ой-өрісін кеңейтетін, санасын тәрбиелейтін, өмірге деген көзқарасын қалыптастыратын маңызды құрал. Бұл ретте балабақша бүлдіршіндері де кітапқа қызығушылық танытса, керемет емес пе?! Осы орайда «Еркем-ай» бөбекжай-бақшасының тәрбиешілері А.Масақбаева, Ж.Мақсотова «Еркетай» ересек тобының бүлдіршіндерімен аудандық балалар кітапханасына саяхатқа шықты.
- Балабақша жасындағы бүлдіршіндердің дүниетанымын кеңейтіп, қабілетін оятуда кітапхананың маңызы ерекше. Ал руханият ордасына саяхат жасату – ел ертеңінің білімге, өнерге, шығармашылыққа деген қызығушылығы артып, тұлғалық дамуына ықпал ететін маңызды қадам,-дейді тәрбиешілері. Иә, балалар кішкентайынан кітаптармен танысса, оқуға деген құштарлығы оянып, рухани ой-өрісі ерте қалыптасады әрі баланың қиялын ұштап, оның шығармашылық қабілетін дамытады. Кітапхана қызметкерлері бүлдіршіндерімізді жылы қарсы алып, балалар әдебиетімен таныстырып, олардың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуға ықпал етіп, рухани нәр алуына өз үлесін қосты. Бала үшін кітапхана тек кітап алатын орын ғана емес, білім мен шабыт әлеміне ашылған есік екенін ұғындыру - әр адамзаттың міндеті. Ендеше, қазіргідей газеттен гаджет озған заманда ел ертеңі бүлдіршіндерімізді телефонға телміртпей, керісінше газет-журнал, кітап оқуға баулып, рухани тәрбие беруге күш салғанымыз абзал.
А.Өтенова, «Еркем-ай» бөбекжай-бақшасының әдіскері