Қазақстан мектептерінде жасанды интеллектіні пайдалану арқылы оқыту әдістерін енгізу ісі жалғасуда. "Келешек мектептері" осы тәжірибені алғашқылардың бірі болып іске асырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Астана қаласындағы №107, №101, №99 және №104 мектептер базасында апробациядан өтіп жатқан жобада жасанды интеллект мұғалімдердің күнделікті жұмысын оңтайландыруға пайдаланылады.
"Жасанды интеллект сабақтарды көрнекі және интерактивті ете отырып, әр оқушының қажеттіліктерін ескере отырып өткізуге мүмкіндлік берді. Соның арқасында мұғалімдер оқушымен көбірек жұмыс жасауға көңіл бөле алады", – дейді №107 мектеп директорының орынбасары Бекманат Жаңаберген.
Сонымен қатар, пилоттық жоба жүзеге асырып жатқан мектептерде "Цифрлық сауаттылық" пен "Информатика" пәндерінің мазмұнына жасанды интеллект тақырыптары енгізілді. Сабақтар оқушылардың жас ерекшелігіне сай құрылып, бастауышта – қарапайым ұғымдар ойын арқылы түсіндірілсе, жоғары сыныптарда чат-бот құрастыру, деректерді талдау және этикалық кейстерді шешу секілді жобалық тапсырмалар қамтылған. Мұндай тәсіл оқушылардың сыни ойлауын, ақпараттық мәдениетін және технологияны пайдалануға жауапты түрде қарауға бағытталған.



