«Келешек мектептері» тек әсем ғимарат емес…

Қазіргі білім беру жүйесінің басты міндеті – барлық балаға тең әрі сапалы оқу ортасын қалыптастыру. Осы мақсатта елде жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы өңірлердегі білім инфрақұрылымын жаңғыртып, ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған стратегиялық бастамаға айналды.

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында басты мақсат ретінде алға қойылған бұл жобаның өңір үшін мән-маңызын жан-жақты түсіндіріп, жаңа ғимараттар құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары, педагог кадрлардың сапасын арттыру, инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды білу үшін облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуовпен сұхбаттасқан едік.

– Марат Әлменұлы, «Келешек мектептері» жобасы аясында салынып жатқан білім беру нысандарының құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі қадағаланып отыр ма?

– «Келешек мектептері» – Қазақстанның білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған стратегиялық ұлттық жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл – жай ғана жаңа ғимараттар емес, ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын маңызды инвестиция.

Атырау облысында 2023 жылы басталған жобаның негізінде 9 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның 6-уы облыс орталығында, қалғаны аудандарда салынып жатыр. Бүгінде пайдалануға берілген 6 мектепте мыңдаған оқушы заман үрдісіне сай оқып жүр. Қалған үш нысанның құрылысы жуырда аяқталады. Олар – Атырау қаласының «Байтақ» (Водников) ауылында – 1200 орындық, Береке ауылында – 1200 орындық, Сарыөзек ауылында – 300 орындық, «Жұлдыз-2», «Жұлдыз-3» және «Ақсай-2» шағынаудандарында орналасқан 900 орындық мектептер. Құрманғазы ауданының Құрманғазы және Ақкөл ауылдарында 600 орындық, Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында 1200 орындық дәл осындай тағы 3 мектеп салынып жатыр. Олардың да құрылысы аяқтала келді.

Нысандардың құрылыс сапасы мен мерзімінің сақталуы қатаң бақылауда. Тиісті мемлекеттік органдар, техникалық және авторлық қадағалау қызметтері жүйелі түрде мониторинг жүргізіп, әр кезеңнің талапқа сай орындалуын қамтамасыз етіп отыр.

– Ауыл мен қала арасындағы білім беру сапасының айырмашылығын  жоюда бұл жобаның ролі қаншалықты? Бастама облыс ауылдарындағы білім ошақтарының дамуына нақты қандай серпін береді?

– Ауыл мектептерінің инфрақұрылымының тозуы, орын тапшылығы – бұрыннан келе жатқан мәселе. «Келешек мектептері» осы олқылықтың орнын толтыруға нақты мүмкіндік береді. Барлық мектеп бірыңғай ұлттық стандарт бойынша салынып, қала мен ауылдағы білім ордалары бірдей материалдық-техникалық базамен жабдықталады.

Ауыл мектептеріне ерекше басымдық берілген. Үш ауысымды, апатты жағдайдағы нысандардың орнына жаңа ғимараттар салынып, оқушылар кең, жарық сыныптарда, STEM-зертханалар мен роботтық техника кабинеттерінде білім алады. Бұл – ауыл баласына да қаладағыдай мүмкіндік беру деген сөз.

Сонымен қатар 2025-2027 жылдары облыс бойынша 97 мектепке қайта жаңғырту жүргізу жоспарланған. Нәтижесінде бұл білім ошақтары да келешек мектептер деңгейіне жеткізіледі.

– Жаңа форматтағы мектептерді кәсіби кадрлармен қамтамасыз ету қалай жүзеге асады?

– Айтуыңыз орынды. Білім сапасының басты тірегі – мұғалім. Сондықтан «Келешек мектептерінде» педагогтерді іріктеу ерекше талаппен жүргізіледі. Мұғалімдер қайта даярлаудан өтіп, заманауи әдістемелер мен цифрлық технологияларды меңгереді. Ұстаздарды үздіксіз кәсіби дамыту  –  басты қағида.

Жыл басынан бастап бұл бағыттағы жұмыстарға кірісіп те кеттік. 5-8 қаңтар күндері Атырау өңіріндегі химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі базасында «Келешек мектептері» желісі педагогтеріне арналған «Заманауи мектеп зертханасы: мұғалімге арналған практикалық дағдылар» семинар-практикумдері өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында бұл шарада физика, химия, биология, информатика, STEAM роботтық техникада мектеп зертханасын пайдалану дағдылары егжей-тегжейлі қарастырылды. Өйткені заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген: STEM-зертханалар, роботтық техника кабинеттері, шығармашылық шеберханалар, спорт залдары, акт залы-кинолекторий, заманауи кітапханалармен жұмыс және инклюзивті мүмкіндіктерді толыққанды кәдеге жарату үшін сол мектепте жұмыс жасайтын мұғалімдердің пәндік құзіреттілігін арттыру аса қажеттілік екені түсінікті.

«Келешек мектептері» желісі – тек жақсы жабдықталған білім орны ғана емес, жас ұрпақты бәсекеге қабілетті, еркін ойлы және жауапкершілігі жоғары азамат етіп тәрбиелейтін заманауи білім ордасы болғандықтан талап-тілегі де жоғары. Желі педагогтерінің тиімді жұмыс істеуі мен білім беру процесінде зертханалық жабдықтарды әдістемелік тұрғыдан сауатты қолдануының практикалық дағдыларын қалыптастыру және дамыту мақсатында үш күнге созылған семинар-практикумның мақсатты аудиторияларында физика, химия, биология, информатика, STEAM, роботтық техника мұғалімдері қатысты.

– «Келешек мектептері» дәстүрлі білім беру мекемелерінен несімен ерекшеленеді? Жаңа мектептерде білім беру процесін ұйымдастырудың қандай инновациялық тәсілдері  мен академиялық басымдықтары енгізіліп отыр?

– Атап айтарлығы, ұлттық жобада білім сапасын арттыруға ерекше басымдық берілуде. Ең алдымен, бұл мектептерде оқыту мазмұны мен білім беру ортасы түбегейлі жаңаша форматта ұйымдастырылады. Сабақ беру дәстүрлі лекциялық тәсілден гөрі оқушының ойлау қабілетін, талдау мен тәжірибеге негізделген дағдысын дамытуға бағытталады. Пәндік кабинеттер, зертханалар, STEM және IT-сыныптар арқылы теория мен практиканың байланысы күшейтіледі.

Екінші маңызды басымдық – педагогтер біліктілігі. «Келешек мектептерінде» жұмыс істейтін мұғалімдер іріктеу арқылы қабылданып, арнайы даярлықтан өтеді. Олардың кәсіби біліктілігін үздіксіз арттыру, заманауи педагогикалық әдістерді меңгерту, цифрлық технологияларды тиімді қолдану басты талап ретінде қойылады.

Сонымен қатар білім сапасын арттыруда оқушының жеке қабілетін ескеретін тәсілдерге назар аударылады. Бұл мектептерде оқушылардың білім деңгейін тұрақты зерделеу, кері байланыс беру, академиялық қолдау көрсету жүйелері енгізіледі. Қажет болған жағдайда оқушыларға қосымша сабақтар мен тереңдетілген курстар мектептің өзінде ұйымдастырылады, яғни ата-аналардың сыртқы қосымша білімге жүгіну қажеттілігі азаяды.

«Келешек мектептерінің» дәстүрлі мектептерден басты ерекшелігі – жаңа ғимарат салумен шектелмей, білім беру философиясының жаңаруында. Мұнда қауіпсіз, қолайлы әрі ынталандыратын орта қалыптасып, оқушының жан-жақты дамуы мен сыни ойлауына, шығармашылық және әлеуметтік дағдыларына басымдық беріледі.

Бұл жоба білім сапасын жүйелі түрде арттыруды көздей отырып, ата-аналар мен қоғамның сұранысына жауап беретін, заман талабына сай жаңа үлгідегі білім беру мекемесі ретінде қалыптастыруы көздейді.

– Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың сапалы білім алуға тең мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында бұл мектептерде қандай шешімдер мен қолдау тетіктері қарастырылған? Білім беру ортасы олардың жеке қабілетіне бейімделген бе?

– Инклюзивті білім беру – жобаның ажырамас бөлігі. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың сапалы білім алуға тең құқығын қамтамасыз етуді мемлекет те басты бағытта ұстап отыр. Атырау облысында салынып жатқан мектептерде де инклюзивті білім беру талаптары толық ескерілген. Атап айтсақ, жобалау және құрылыс кезеңінен бастап барлық жаңа мектептің инфрақұрылымы инклюзивті стандарттарға сай. Мысалы, ғимараттарда пандус, лифт, кең есіктер, тактильді жолақтар, арнайы санитарлық тораптар міндетті түрде қарастырылған. Барлық мектепте логопед, дефектолог, психолог мамандар жұмыс істеп, әр балаға жеке қолдау көрсетіледі. Осы арқылы қозғалысы шектеулі балалардың тең мүмкіндікке қол жеткізуіне жағдай бар.

Ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылар үшін психологиялық-педагогикалық қолдау жүйесі күшейтіледі. Мектептердегі дефектолог, логопед, психолог және әлеуметтік педагог сынды арнайы мамандар әр баланың жеке даму ерекшелігін дамытуға қолдау көрсетеді. Арнайы жабдықталған ресурстық кабинеттер мен түзету сабақтарын өткізуге арналған бөлмелер де қарастырылған.

Білім беру процесінде қолданылатын бейімделген оқу бағдарламалары оқушылардың білім деңгейі мен мүмкіндігіне қарай жеке оқу траекториясын құруға мүмкіндік береді. Ал бағалау жүйесі баланың даму динамикасын ескеруге бағытталған.

Өңірде «Келешек мектептері» барша балаға ортақ жайлы білім беру ортасын қалыптастыратынына күмән болмауы тиіс.

– Алдағы бес-он жылда жобадан қандай нақты нәтиже күтіледі?

– Әуелі үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешіледі. Білім сапасының көрсеткіштері өсіп, ауыл мен қала арасындағы алшақтық азаяды. Нәтижесінде Ұлттық бірыңғай тестілеу мен халықаралық зерттеулердегі нәтижелер жақсарады, педагогтердің біліктілік сапасы артады. Ең бастысы, облыста бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған жас ұрпақ қалыптасады деген ойдамыз.

Қысқасы, бұл ұзақ мерзімді жоба бүгінгі баланың ертеңгі табысты өміріне жол ашатын берік негіз болып қаланады.

– Әңгімеңізге бек рақмет!

Сұхбаттасқан Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT