Оқушыларды заманауи мектеп инфрақұрылымымен қамтамасыз етудің жүйелі шешімі ретінде елімізде «Келешек мектептері» жобасы жүзеге асырылуда.
Бұл бастама жобалаудан бастап, құрылыс және жабдықтауға дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды. Негізгі мақсат – әрбір балаға сапалы білім алу үшін қолайлы орта қалыптастыру, оқу процесін жаңа технологиялармен қамтамасыз ету және педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау. 2024 жылы республика бойынша 105 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, биыл тағы 112 нысанды ашу жоспарланған. Нәтижесінде жарты миллионға жуық оқушы үшін кең, жарық, заманауи стандарттарға сай оқу кабинеттері мен зертханалар, спорт және шығармашылық залдары бар орта қалыптасады.
Аталған ауқымды жобаның игілігін Атырау облысының тұрғындары да сезінуде. Өңірде білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытында нақты шаралар қолға алынды. Соңғы жылдары аймақта апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін жаңа білім ошақтары салынуда. Мысалы, Атырау қаласында «Теңізшевройл» компаниясының «Игілік» әлеуметтік бағдарламасы аясында 300 орындық жаңа мектеп іске қосылды. Бұл білім ордасы заманауи үлгіде жобаланып, 4 блоктан тұратын кең ғимаратта асхана, спорт және акт залы, кітапхана, IT-сыныптар мен арнайы кабинеттер бар. Оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігі, инклюзивті білім алуына жағдай жасау үшін пандустар мен лифттер орнатылған.
Атырау облысының аудандық деңгейінде де оң өзгерістер байқалады. Мақат ауданында үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі толық шешімін тапты. Мұнда жаңа білім нысандары бой көтеріп, интернет пен заманауи техникалық жабдықтарға қолжетімділік қамтамасыз етілді. Бұл – шалғай ауылдардағы балаларға да сапалы білім алуға тең мүмкіндік беру бағытындағы нақты қадам. Сонымен қатар, облыстағы ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жобалары да білім беру саласына серпін беруде.
Білім саласындағы бұл өзгерістерді ұстаздар қауымы мен мектеп басшылары ерекше бағалайды. Б. Қанатбаев атындағы мектептің директоры Азамат Дәулетқалиевтің айтуынша, қазіргі кезеңде инфрақұрылым мен білім мазмұны қатар жаңаруы тиіс. «Біз мектеп басшылығы ретінде оқушылардың талантын ерте анықтап, бағыт-бағдар беруіміз керек. STEM, робототехника, бағдарламалау, аналитика сияқты бағыттарда үйірмелер мен зертханалар ашу – келешекке жасалған инвестиция. Бұл тұрғыда «Келешек мектептері» жобасы ұстаздар мен оқушыларға үлкен мүмкіндік беріп отыр», — дейді ол.
Азамат Дәулетқалиевтің пікірінше, қазіргі білім жүйесі жасанды интеллект дәуіріне бейімделуі қажет. «Жасанды интеллект мектеп өміріне еніп келе жатыр. Мұғалімдердің жұмысына көмекші құрал ретінде ЖИ технологияларын қолдану – сабақ жоспарлаудан бастап, оқушылардың үлгерімін бақылауға дейінгі процесті оңтайландырады. Біздің басты міндетіміз – мектептерді осы жаңа дәуірге дайындау», — дейді ол.
Сарапшылардың пікірінше, «Келешек мектептері» жобасы тек жаңа ғимараттар салу емес, тұтас білім беру экожүйесін жаңартуға бағытталған. Бұл бастама балалардың сапалы білім алуына, мұғалімдердің кәсіби деңгейін арттыруға, ауыл мен қала арасындағы білім сапасы алшақтығын қысқартуға мүмкіндік береді. Атырау облысында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар соның нақты дәлелі. Заманауи мектептерде балалар өз қабілеттерін ашып, ертеңгі еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуға мүмкіндік алады.
Осылайша, «Келешек мектептері» — бұл елдің ертеңіне, ұлттың интеллектуалдық әлеуетіне салынған инвестиция. Атырау өңіріндегі жаңа мектептер мен жаңартылған инфрақұрылым – осы ұлттық жобаның өміршеңдігін, мемлекет пен қоғамның ортақ мақсаты – болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына деген қамқорлықтың нақты көрінісі болып отыр.