Қазақстанда білім беру саласын жаңғырту мақсатында қолға алынған "Келешек мектептері" ұлттық жобасы бүгінде нақты іске айналып, өңірлерде жаңа білім ошақтары бой көтеріп келеді.
Бұл жоба Атырау облысын да қамтыды. Қазіргі таңда аймақта жаңа мектептер салынып жатыр, бірқатары қолданысқа берілді. Мұның барлығы балалардың сапалы білім алуына, үш ауысымдық оқу мәселесін шешуге, және ең бастысы – болашақ ұрпаққа лайықты білім кеңістігін қалыптастыруға бағытталған.
Бүгінгі таңда Атырау облысында "Келешек мектептері" аясында алты мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның үшеуі – Атырау қаласы мен аудандарда пайдалануға берілген. Мысалы, Жұлдыз-2 ықшамауданында салынған жаңа мектептің өзі екі ауысымда 1800-ге жуық оқушыны қабылдай алады. 40-қа жуық заманауи оқу кабинеті, спорт және акт залдары, STEM-зертхана, кітапхана, медициналық кабинет сынды толыққанды инфрақұрылым қарастырылған. Осындай тағы бір ірі жоба – Береке ауылындағы 1200 орындық №47 мектеп.
Жаңа нысандардың салыну сапасына қатысты талап та, сын да бар. Бір жағынан, бұл – заманауи білім беру стандартына жауап беретін мектептер. Екінші жағынан, құрылыс барысында орын алған кемшіліктер алаңдатады. Мысалы, жуырда Жылыой ауданының Құлсары қаласында салынып жатқан мектептің төбесі опырылып түсті. Бұл жағдай жобалаушыдан бастап, құрылысшыларға дейінгі барлық тараптардың жауапкершілігін күшейту қажеттігін көрсетті. Қазір аталған оқиға бойынша арнайы комиссия құрылып, тергеу жүріп жатыр. Мұндай мәселелер орын алмауы үшін бақылау күшейтілуі қажет, өйткені сөз болып отырған – балалардың қауіпсіздігі мен болашағы.
Осы мектептердің құрылысы мен сапасына тапсырыс беруші тарап ретінде "Samruk-Kazyna Construction" сынды ұлттық компаниялар, облыстық құрылыс басқармасы мен білім басқармалары жауап береді. Сонымен қатар, техникалық және авторлық қадағалау ұйымдарының рөлі үлкен. Яғни жоба тек салынуы тиіс нысан ретінде емес, кешенді, сапалы білім ортасы ретінде қарастырылуы тиіс.
"Келешек мектептері" тек жаңа ғимараттармен шектелмейді. Бұл – оқушының жан-жақты дамуына арналған орта. STEM зертханалар мен заманауи оқу құралдары, цифрлық технологиялармен жабдықталған сыныптар – балалардың білімге деген ынтасын арттырып, шығармашылық қабілетін оятуға үлкен мүмкіндік береді. Мұндай ортада оқушы өз әлеуетін еркін аша алады, мұғалім де оқыту әдісін жаңарта алады.
Осы орайда жобаның білім сапасына әсері қандай деген сауал туындайды. Мәселен, Құрманғазы ауданында білім сапасы 2023 жылдың алғашқы жартысында 52,7 пайыз болса, биылғы жартыжылдықта 54 пайызға жеткен. Бұл – нақты көрсеткіш. Әрине, бұл өсім тек жаңа мектептің арқасы емес, бірақ жаңа инфрақұрылымның және басқару жүйесінің үлесі зор екені даусыз.
Алайда тек ғимаратпен білім сапасы шешілмейді. Оған мұғалім кадрларының кәсібилігі, оқу бағдарламаларының тиімділігі, оқушылардың әлеуметтік жағдайы және жалпы қоғамдық көзқарас та әсер етеді. Осы тұрғыда "Келешек мектептері" білім беру жүйесіне үлкен серпін беріп отыр, бірақ ол нәтижелі болуы үшін жергілікті деңгейде жүйелі жұмыс, мұғалімдерді қолдау және ата-аналармен бірлескен әрекет қажет.
Тағы бір назар аударатын жайт – қалалық және ауылдық мектептер арасындағы айырмашылық. Жаңа мектептердің көбісі қала маңында бой көтеріп жатқанымен, шалғай ауылдардағы оқушылар да сапалы білімге лайық. Сондықтан алдағы уақытта жобаның географиялық теңдігін де ескеру қажет.
Қорыта айтқанда, "Келешек мектептері" – еліміздің білім беру жүйесіндегі стратегиялық әрі маңызы зор бастама. Атырау өңірінде бұл жоба нақты іске асып жатыр. Жаңа мектептер салынуда, оқушылар жаңа мүмкіндіктерге ие болуда. Ендігі міндет – осы мектептердің шын мәнінде болашаққа жол ашатын, ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беретін ордаға айналуы. Себебі мектеп – тек білім беретін мекеме емес, ұлттың ертеңін қалыптастыратын қасиетті орын.
Бағилат АБДОЛОВА,
ардагер ұстаз
Бөкейхан ауылы