"Келешек мектептері": Атырауда құрылыс қарқын алды

Атырау облысында бүгінде алты «Келешек мектебінің» құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл жоба үш ауысымда оқытуды жоюға, білім сапасын арттыруға және балаларға заманауи орта қалыптастыруға бағытталған.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, мұнайлы өңірде өткен жылы осындай үш мектеп пайдалануға берілсе, биыл тағы бір нысан іске қосылған. Ал қазір Ақсай-2 және Жұлдыз-3 шағын аудандарында екі жаңа мектептің іргетасы қалануда. Сонымен қатар Құлсары қаласында 1200 орындық, Құрманғазы ауданының Ақкөл ауылында 600 орындық білім ордаларының құрылысы жүруде.

Заманауи білім ордасы – Жұлдыз-2 шағын ауданында

Ұлттық жоба аясындағы ең ірі нысандардың бірі – Жұлдыз-2 шағын ауданында орналасқан жаңа «Келешек мектебі». 900 орынға есептелген бұл заманауи мектеп бүгінде 1800-ге жуық оқушыны қабылдап отыр.

Мектеп директоры Орынгүл Қуандықованың айтуынша, жаңа ғимаратта сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған:

«Біздің басты мақсат – әр оқушының білім алуына барынша қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Мектептің материалдық-техникалық базасы толық жабдықталды, медициналық кабинет ашылды, нысан бейнебақылау және қауіпсіздік жүйелерімен қамтылды», – дейді ол.

Ата-аналар ризашылығын білдіруде

Жақында мектепте ашық есік күні ұйымдастырылып, ата-аналар жаңа ғимаратты өз көздерімен көріп, сұрақтарына жауап алды.

Жергілікті тұрғын Айнұр Оразова бұрын балаларының №39 мектепке қатынап, кейде үшінші ауысымда оқығанын айтады:

«Енді үйдің жанынан осындай кең, жарық әрі жайлы мектептің ашылғанына қатты қуаныштымыз», – дейді ол.

Ал Зарина Шағыраева үшін жаңа мектептің басты артықшылығы – балалардың қауіпсіздігі мен үйге жақындығы:

«Бұрын алыстағы мектепке барып-келу қиын еді. Енді балалар үйдің жанындағы жаңа мектепте оқитынына көңіліміз орнықты», – дейді ол.

Жаңа мектептің ерекшелігі

Жалпы аумағы 10 860 шаршы метрді құрайтын мектеп 4 гектар жер телімінде орналасқан. Ғимаратта 40-қа жуық оқу кабинеті бар.

Инклюзивті білім беруге айрықша көңіл бөлінген: мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы көтергіш лифт орнатылған, сондай-ақ бейімделген оқу кабинеттері мен ресурстық орталықтар жабдықталған.

Мектеп ішінде:

3 спорт залы,

робототехника және STEM зертханасы,

шығармашылық шеберханалар,

заманауи химия, физика және биология зертханалары,

кітапхана және коворкинг аймағы жұмыс істейді.

Оқушыларға арналған 206 орындық асхана санитарлық талаптарға сай жабдықталған. Тағам сапасы қатаң бақыланып, мәзірге газдалған сусындар мен тәттілер енгізілмеген. Оның орнына балалардың жас ерекшеліктеріне сай құнарлы және пайдалы тағамдар ұсынылады.

Ашық алаңдар мен қауіпсіз орта

Мектеп ауласында балалардың белсенді демалысына арналған ойын және спорт алаңдары салынған.

Футбол алаңына жасанды көгал, ал волейбол, баскетбол және теннис алаңдарына тартан жабыны төселген. Бұл жабын оқушылардың жарақат алу қаупін азайтады. Сонымен қатар мектеп ауласы мен кіреберістері бейнебақылаумен толық қамтылған.

Болашаққа бағдар

«Келешек мектебі» – тек жаңа ғимарат емес, ол – жаңа білім мәдениетінің бастауы. Мұнда оқушылар тек білім алып қана қоймай, өз қабілеттерін ашуға, жаңа технологияларды меңгеруге мүмкіндік алады.

Облыстық білім басқармасының өкілдері алдағы жылдары да осындай мектептер санын арттыруды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде өңірдегі үш ауысымды оқытуды толық жоюға және әр балаға тең мүмкіндік беруге жол ашады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT