Әке жолы – ұлға мұра, қызға қорған

Адамзат баласының өміріндегі ең киелі, ең алғашқы тәрбие ұясы – отбасы. Осында алғаш махаббатты, мейірімді, жауапкершілікті, құрмет пен сенімді бойымызға сіңіреміз. Ал сол отбасының тірегі, тағылым мектебінің іргетасы – әке. Бүгінде жаһандану мен ақпарат ағынының жылдамдығы артқан заманда отбасы құндылығын сақтау, әке мен бала арасындағы байланысты нығайту бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Осындай келелі ойдың аясында ауданымызда айрықша бір шара өтті. №8 жалпы орта білім беретін мектептің қабырғасында ауданның білім беру ұйымдарындағы әке кеңесінің төрағалары мен мүшелері қатысқан «Әке – асқар тау» атты тағылымды кездесу әкенің қоғамдағы мәртебесін тағы бір мәрте айқындады.

Шара №22 мектептің педагог-психологы Сағира Жекейбаева жүргізген тренингпен ашылды. «Қарым-қатынас жарастығы» атты ойында ортаға шыққан он әке суретке қарап мақал-мәтел құрастырып, ой толғады. Мақал халықтың ақыл-ойы, ал әке сол ойдың иесі екенін дәлелдегендей болды. Қатысушылар жазған әрбір сөзден парасат пен пайым, мейірім мен жауапкершілік сезіліп тұрды. Әкелер тек мақал айтып қойған жоқ, сөздің шуағына жүрек жылуын қосып, перзенттеріне деген ақ тілектерін де жеткізе білді.

Салтанатты жиында сөз алған аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Қалиқызы қазіргі қоғамдағы әкенің орны, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік, құқық бұзушылықтың алдын алу сынды аса өзекті тақырыптарды қозғап, әкелерге ой салды. «Бала тәрбиесі тек мектепке ғана жүктелмеуі керек. Мектеп пен ата-ана – екі қанат. Бірі болмаса, бала ұша алмайды. Әке осы ұшар қанаттың шынар басы, темірқазығы», – деп аяқтады өз сөзін.

Келесі бөлімде №21 мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сандуғаш Оразбаева «Әке жолы – ұрпаққа өнеге» атты бейнематериал арқылы ой қозғап, қатысушыларды сұхбатқа тартты. Бейнебаяннан кейін қойылған сұрақтар әкелерді жай отырғызбады. Әр жауапта өмір, тәжірибе, жүрек һәм жауапкершілік үндесті. «Ауыл мен қаланың тәрбиесінде не айырма бар?» деген бір ғана сұрақтың өзі үлкен диалогқа ұласты. Қатысушылар қаланың қарқыны мен ауылдың тынысын салыстыра отырып, тәрбие ортада емес, отбасында, жүректе, ата-ана көзқарасында екендігін баса айтты. Жиында сөз алған ауыл ардақтысы, ардагер журналист, Әбдіхалық Сисенбердиев жүрекжарды ойымен бөлісті. Оның сөзі көне шежіре сынды. Қоғамда болып жатқан келеңсіз оқиғаларға тоқтала отырып, ол:

-Бала тәрбиесінде әкенің үнсіз қалуы – тәрбиеден алыстағаны. Әке – бағыт, әке – бағдар. Ұстаз бен ата-ана, бала – осы үш таған бірге тұрғанда ғана береке орнайды, – деді өз сөзінде. Кездесу соңында қатысушы әкелер де ойларын ортаға салып, өз ұсыныстарын білдірді. Бірі әкелер жиналысын жиілетуді ұсынса, енді бірі мектептерде арнайы әкелер клубын құру идеясын ортаға тастады. Бұл тәрбиеге енжар қарамайтын ел азаматтарының ниеті.

Әке отбасының қорғаны ғана емес, рухани тірегі. Ал отбасы – ұлттың тамыры. Тамыр мықты болса, ағаш биік өседі. Демек, бүгінгі қоғамның тыныштығы мен ертеңгі елдің тұтастығы саналы ұрпақ тәрбиелеуден басталады. Саналы ұрпақ тәрбиесі әке мен ананың бірдей үлесінен тұрады. Сондықтан да «Әке – асқар тау» атты осындай кездесулер рухани жаңғырудың нақты көрінісі.Әр әкенің жүрегінде ұлы арман болса, әр баланың жанында биік тұлға барын ұмытпайық.

Айымгүл Қалиева, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT