«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ауданда да өз жалғасын тапты. Қаладағы орталық кітапханада қарымды қаламгер Тәкен Әлімқұловтың «Қараой» шығармасына орай оқырмандар конференциясы өтті. Жергілікті жас ақындар, кітапхана оқырмандары мен оқушылар қатысқан жиында шығарма желісі арқылы қоғамдағы көптеген өткір мәселелер қозғалды.
Иә, Тәкен Әлімқұлов қазіргі Түркістан облысында дүниеге келгенімен өзінің «Қараой» шығармасында атыраулық ақын-жыршы, ұлт-азаттық көтерілістің батыры Махамбет Өтемісұлының өмірінің соңғы сәттерін суреттейді. Сол арқылы осыдан қос ғасыр бұрынғы қазақ қоғамында болған күндестік, көре алмаушылық, қызғаныш секілді жат құбылыстардың бүгін де бар екендігін айтқысы келген. Махамбеттің басын алған өз туысындай өзінің бауырынан безіп, өз ұлын өзектен теуіп жүрген безбүйрек жандар аз емес. Ой саларлық осындай өзекті мәселелерді көтерген шығарманың қалың оқырманға берері мол.
- Шыны керек, кей жазушыларды алғаш рет естіп жатамыз. Бірақ осы шараға дайындалғанда Тәкен Әлімқұловтың «Қараой» шығармасымен танысып, керемет әсер алдық. Қазіргі қоғамда кездесетін келеңсіз жайттар ол кезеңде де болғанын көреміз. Мұндай конференциялар көптеп ұйымдастырылса, біз де қатысуға, кітапты одан әрмен көп оқуға ниеттіміз,-деп ағынан жарылған №7 мектептің оқушысы Нұрай Асанованың сөзі – соның дәлелі.
Иә, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды мақсат тұтқан бұл шара үш бөлімнен тұрды. Алғашында кітапханашы Балбала Сағынбайқызы жазушының өмірбаянымен таныстырса, №7 мектептің 8-сынып оқушылары шығармалары жайлы ой толғады. Ал, үшінші бөлімде қатысушыларға туынды бойынша сұрақтар қойылып, интеллектуалды ойын ұйымдастырылды. №1 мектептің оқушысы Санжар Бекесовтің орындауындағы «Көроғлы» күйі құлақтың құрышын қандырып, көңілдің қылын шерткендей әсер алдық. Оқырманға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Айсана Жаңбырбаева қонақтарға «Қазақ әдебиетінің алтын қазынасы» атты кітап көрмесін таныстырды. Конференция соңында кітапхана ұжымы атынан барша қатысушыларға естелік сыйлық пен Алғыс хаттар табысталды.
Е.АЛТАЙҰЛЫ