Атырау облысына табан тіреген елімізге белгілі ұстаз, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының ғалымдар кеңесінің мүшесі Арман Қуанышбаев Жылыой жұртымен де жүздесті. Алдымен мәдениет үйінде кездесу өткізгеннен кейін, ақшам намазынан соң орталық мешітте жылыойлық жамағатпен кездесті.
Ақшамдағы құлшылықтан нәрленіп алған жамағаттың көкірек көзіне ағартушылық қызметімен шам жағуға тырысқан Арман ұстаздың жымия күліп амандасуының өзі жүрекке жылылық ұялатты. Ол бірден қоғамдағы түйткілді мәселелердің біразын тілге тиек етті. Баса назар аударылған тақырып қоғамдағы ажырасудың тым көбейіп кеткендігі еді. Расында да, статистикаға көз жүгіртсек, елімізде отау құрған шаңырақтардың үштен бірі ажырасып жатады екен. Бұның арты еліміз үшін жақсылыққа апармайтынын айтқан уағызшы өз сөзінде ажырасудың себеп-салдарлары мен оны шешудің жолдарына тоқталды.
Алғашында, «Үйлену – сүннет», әрі дұрыс амал екенін атап өтті. Мұндағы басқосудың негізгі тыңдарманы ер адамдар болды. Сондықтан, басты назар сол кісілерге аударылды. Ер-азаматтың қазіргі уақытта ұсақталып бара жатқандығы, әрі жауапкершілікті өз мойнына алудан қашуы көптеген отбасылардың ойран болуына негізгі себеп екенін көрсетіп, отбасылық өмірде оларды шаңырағының негізгі тірегі, қамқоршысы болуға шақырды.
Бұл ретте Арман Қуанышбаев еркектің отбасындағы міндеттеріне де тоқталды. Ұстаздың пайымдауынша, ажырасудың тағы бір себебі - сабырсыздық. Қазіргі жас жұбайлардың көбі алғашқы ұрыстан-ақ бір-бірінен ат-тонын ала қашатын жағдайға жеткен. 5 секундтық «Тик-ток»-қа үйреніп қалған қазіргі жастар 5 күн жалғанның қиыншылығына бірге төзуге қауқарсыз. Бір-біріне мін артып, ақылға келмей, ашудың айдауында кетудің аяғы ажырасуға барып тіреледі. Кейбір жастар, қызығы кетсе тастай салатын қуыршақтай, отбасылық өмірдің жауапкершілігін әлі жете түсіне алмай жүр. Кей еркектердің әлеуметтік желіде әрленген әр әйелге ауызының суы құрып тамсануы да адал жарына деген ақ сезіміне кір салатынын жеткізді. Екі жастың ортасына өзге адамдардың кірісуі де әбестік екенін аңғартты. Жас жұбайлар ақ отау құрып, жаңа өмірге бірге қадам басқасын, орын алған түсініспеушілікті де тек екеуара ақылдасып шешкені абзал.
Қорыта келе, ұстаз, әйел адамдарды қамқорлауға, олардың қоғамдағы құқықтарын қорғауға, әлсіз жаратылыстың ағат кеткен тұстарын кешіріп, керісінше оларды қолдауға шақырды. Пайғамбардың (с.ғ.с.): «Сендердің ең жақсыларың – әйелдеріңе жақсы, көркем қарым-қатынаста болғандарың» деген сөзін де басты назарға қойып, отбасылық өмірде тату-тәтті өмір сүруге шақырды.
Уағыздан әсерленген жамағат, құптан намазынан соң қара шаңырақтарына рухани нәрленіп қайтты. Тегінде осындай басқосулар, отырыстар қазіргі жастар үшін көптеп өткізілуі керек. Сол кезде бұл індеттің алдын алып, тірі жесір мен тірі жетім қатары азайып, қосылған жұптар бақытты да, баянды ғұмыр кешері анық.
Расында да, жоғарыда келтірілген адам шошырлық статистикадан кейін, осы келеңсіздіктің алдын алатын жұмыстар жасалуы тиіс-ақ. Себебі, «Отан отбасынан басталады». Ал, отбасылар жыл өтпей ойрандалып жатса, Отанымыздың болашағы не болмақ? Мұсылманша «Үйлену – сүннет» дейміз, ал ажырасу ше? Оны асыл дініміз құптамайтыны хақ!
Ерназ АХМЕТКӘРІМОВ,
штаттан тыс тілшімі