«Ғылымның атасына» құштарлық

Жуырда аудандағы қырық жылдық тарихы бар №1 жалпы орта білім беретін мектепте «Цифрлы әлемге математикалық біліммен...» атты онкүндік өтті. Өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде аянып қалмаған математика пәні мұғалімдерінің қатысуымен ұйымдастырылған апталық заманауи сабақтар мен қызықты шараларды қамтыды.

Білім алушылардың пәнге деген қызығушылығын одан әрі арттырып, жаңа заманауи платформалар, жасанды интеллект әдісін қолдану арқылы ой-өрісін кеңейтіп, есеп шығаруға деген құштарлығын дамытуды мақсат еткен онкүндік шәкірттердің көңілінен шығып, ұстаздардың тәжірибе алмасуына зор ықпал етті.

Жоспарға сәйкес жасалған жұмыстар өте жоғары деңгейде өтіп, онкүндікке оқушыларымыз белсене атсалысты. Мұғалімдер математиканың қыр-сырын ашып, оның айналамызда, ертегілерде, тіпті күнделікті өмірде де қолданысқа қажет екендігін көрсете білді. Әсіресе 5-6 сыныптар арасында өткен «Математика-ертегілер елінде» атты көріністе балалар әртүрлі персонаждар киімін киіп, өздеріне ұсынылған рөлдерді керемет орындады. Жоспарға сай 7-сынып арасында «Математика-спорт әлемінде» атты спорттық сайыстар, 8-9 сыныптармен «Математика – ақыл-ойдың әуені», «Математикалық көңілді тапқыштар алаңы» (КТА) атты көңілді математикалық ойындар өткізілді. 10-11 сыныптар арасында жан-жақты сұрақтарға толы «Математикалық куиз» интеллектуалды ойыны да қызықты болды. Ал алдағы ҰБТ-ға аяқ алысын байқауды мақсат тұтқан 11-сыныптар арасындағы «Математикалық сауаттылық есептерін шығару және талдау» атты сайыс мектеп түлектерінің білім деңгейін сарапқа салды. Сонымен қатар онкүндік кезінде дарынды оқушылар мектепішілік, аудандық «Алтын сақа», «Алтын түлек» және пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орынға ие болып, дипломдармен марапатталды. Атап айтсақ, 5 және 10-сынып оқушылары Нұржан Наби мен Қырмызы Жалғасовалар «Алтын сақа» мен «Алтын түлек» олимпиадасының аудандық кезеңінен өтіп, облыстық кезеңге жолдама алды.

Бұл дегеніміз математика пәнінің мұғалімдері мен мектеп үшін де үлкен жетістік. Ұстаздар еңбегі ақталып, шәкірттері шыңдалып жатырғаны мектептегі өткен қызықты шаралардың айғағы десе де болады. «Еліміздің ертеңі – жастар десек», бұл ретте бүгінгі шәкірттерімізді, яғни цифрлы әлемге аяқ басқан болашақ мықты мамандарды тәрбиелеуде ұстаздарымыз аянбай еңбек ете бермек.

Алмагүл Айтуарова,

№1 орта мектептің «Математика пәні» бірлестігінің жетекшісі,

педагог-зерттеуші

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT