«Еркем-ай»-дың еркелерімен өткен естен кетпес сәт

Өңір халқы үшін аудан кітапханаларындағы тіршілік күннен күнге дамып, жан - жақты деңгейде өз қызметін көрсетіп келеді. Ал аудандық балалар кітапханасы еліміздің ертеңі - кішкентай балақайлардың жазғы демалысын көңілді өткізуде түрлі танымдық іс-шараларды қолға алуда.

Соның бірі - "Оқы, ойлан, санаңа түй, жас бөбек" тақырыбында "Еркем -ай" балабақшасының "Күншуақ" пен "Радуга" ересек топтарымен бірге өткізген өткен шара. Ол балалар ақын -жазушыларының кітаптарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Бұл ретте бүлдіршіндердің әдебиетке деген құштарлығы көкірегімізге қуаныш ұялатып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Аты айтып тұрғандай, расында да бұл бала бағында әр үйдің еркелері тәрбиеленіп жатыр екен. Мектепке дейінгі мекеме меңгерушісі Айгүл Жұмабайқызы «Қош келдіңіз!» деп қарсы алған сәттен-ақ ерекше эстетикалық талғаммен көрнекілік құралдарымен жабдықталған аядай ғана демалыс бөлмесінде ерекше күйге бөлендік.

Алдымен, тәрбиеші жас маман Бөбек Шөменова кішкентай оқырмандарымызды слайд арқылы қазақ балалар әдебиетінің көрнекті тұлғаларымен таныстырып өтті. Өз кезегінде аудандық балалар кітапханасының балалармен жұмыс әдіскері Бөбек Лауадинқызы кітапхана қорындағы балалар әдебиеті бағбандарының тың туындылары туралы ақпарат берді. Биылғы жылы аудан көлемінде өткізілген "Ершуов оқулары" туралы баяндай келе, бүлдіршіндерді кітап оқуға, көркем сөз жаттауға шақырды. Ұлы тұлғалар Ы.Алтынсарин, А. Құнанбаев, О.Асқар, М.Әлімбаев, Қ.Мырза-Әлі секілді тағы да көптеген ақын-жазушылар туралы түсінік берді. Әсіресе жергілікті ақын, ұстаз А. Ершуовтың "Қасиетті қазына", "Бармақбайдың басынан кешкендері" кітаптары жайлы мағлұмат беріп, Бармақбай туралы ертегіні айтып та берді.

Балаларға кітап оқытуда өзіндік тәжірибесі бар маман Сара Сисенова арнайы жасалған көрнекілік құрал арқылы кішкентай оқырмандардың таным көкжиегін кеңейту мақсатында ойын ұйымдастырды. Жұмабек Ерке, Арсен Ералы, Жұмабай Айару, Александрқызы Жасмин, басқа да балғын оқырмандар суретте берілген "Үш аю", "Бауырсақ", "Шалқан", "Мақта қыз бен мысық" секілді ертегілерді екі тілде айтып беріп, тағы да көңілімізді бірледі.

Иә, "Еркем-ай"-дың еркелерімен өткен бір сағат осындай ерекшелігімен есте қалды. Кеш соңында балабақша меңгерушісі Айгүл Жұмабайқызы, тәрбиешілер Бөбек Санахметқызы, Ақгүл Нұрболатқызы, слайд жүргізуші Фариза Кеңесқызы кітапхана ұжымына толағай табыстар тілеп, естелік фотосуретке түсті.

Б. Садықова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT