Ел ертеңінің құқығы шектелмесін

12 маусым – Дүниежүзілік бала еңбегін қанауға қарсы күрес күні

Шар етіп жарық дүние есігін ашқан әрбір баланың ересектер секілді өз құқығы бар. Ол еліміздегі тиісті нормативтік заңдармен қорғалады. Кәмелет жасына жетпеген әрбір бала, ең алдымен, ата-анасынан өміріне жеткілікті тәлім-тәрбие мен сапалы білім алуға құқылы. Оны мектеп жасындағы ел ертеңінің санасына сіңіріп өсіру міндеттіміз. Өйткені өзінің белгілі бір құқығының бар екенін әр оқушының білуі өте маңызды.

Буыны бекімей, бұғанасы қатпаған бүлдіршінді жасы жетпей ерте еңбекке тартып, ауыр жұмыстарға жегуге ешкімнің де құқығы жоқ. Керісінше, ол мектептің білім нәрімен уақытымен сусындап, балалық балдәурен шағын қызықты өткізіп, жазғы каникул кезінде лагерьлерде болып, жақсы демалуы керек.

Әйгілі шығыс ғұламасы Жүсіп Баласағұн «Әрбір бала – жарық жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет!» дегендей, біз балаларымыздың бойына саналы тәрбие мен сапалы білімнің сәулесін шаша білсек қана олар елге тұтқа болар азамат болып қалыптасары анық. Өкінішке орай, барлығы да біз ойлағандай бола бермейтінін өмір тәжірибесі көрсетіп отыр.

Көптеген шет мемлекеттерде мектеп жасындағы оқушы ұл-қыздар әке-шешесінің орнын басып, күнкөріс қамын күйттеп жүр. Небір ауыр жұмыстарға тартылып, артындағы кішкене бауырларын асырауға мәжбүр болуда. Сондықтан Халықаралық Еңбек Ұйымы бала еңбегі мәселесін түбегейлі шешу мақсатында 12 маусымды Дүниежүзілік бала еңбегіне қарсы күрес күні деп жариялаған болатын.

Бұл өзекті мәселе ең алғаш рет 1997 жылы Амстердам мен Ослодада балалар еңбегінің ең нашар түрлерімен күресу үшн ұйымдастырылған халықаралық конференцияда көтерілген болатын. Соның нәтижесінде әлемде көптеген жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл күн біздің елімізде де дәстүрлі түрде атап өтіліп келеді. Нақтырақ айтқанда, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалар құқықтарын қорғау комитеті маусымның 1-і мен 12-сі аралығын «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» атты Ұлттық ақпараттық науқанын ұйымдастырады.

Аталған шара биылғы жылы да жоспарлы түрде қолға алынды. Жасыратыны жоқ, балалар еңбегін пайдалану Қазақстанда да кездеседі. Қамқорлыққа мұқтаж, аз қамтылған отбасынан шыққан оқушылар сабақтан бос уақытында, каникул кезінде жалданып жұмыс жасап, ақша табудың жолына түсетіні белгілі. Ұлттық ақпараттық науқан соның алдын алуды мақсат тұтады. Көп алысқа бармай-ақ, Құлсары қаласын алалық.

Елімізге Төтенше жағдай енгізілгенге дейін жұмыс жасап келген мейрамхана мен тойханаларда гүрілдеп өтіп жатқан түрлі салтанатты отбасылық шаралар мен тойларда 18-ге толмаған жасөспірімдер азғана ақша үшін түннің бір уағына дейін даяшы, ыдыс жуушы болып жұмыс жасап келді емес пе?! Осының өзі бала еңбегінің қаналуының бір көрінісі болса керек.

Ұлттық ақпараттық науқан аясында Ақкиізтоғай ауылындағы №10 Амангелді орта мектебінде де бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Аудандағы карантиндік режимге байланысты Ұлттық ақпараттық науқанның өтіп жатқаны туралы мектеп сайтында және әлеуметтік желілерде хабарлама жарияланып, онлайн форматта ата-аналар мен оқушылар чатына жадынама жіберілді.

Әсел Ахметжанқызы, №10 Амангелді атындағы орта мектептің әлеуметтік педагогі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521