Домбыраға құштар дарындар

№1 жалпы орта білім беретін мектептің кітапханасында «Күмбірлесін қазақтың домбырасы» атты шара өтті. Ондағы мақсат – жас өрендерге қазақтың қасиетті үкілі домбырасын насихаттап, сол арқылы халық шығармашылық өнерін, көркем өнер туындыларын санаға сіңіру. Шара 6 «Г» сыныбының жетекшісі Әсемгүл Базарбаеваның ұйымдастыруымен өз деңгейінде жүзеге асты.

Жиында, алдымен, мектеп кітапханашысы Фариза Құрманова қазақтың ұлттық аспабы жөнінде ақпараттар беріп, домбыраның құлағында ойнаған атақты күйші, термешілердің өмірбаянымен және шығармашылығымен таныстырды. Одан кейін өнерлі оқушылар бірінен соң бірі танымал күйлерді тамылжыта орындап, өз өнерлерін ортаға салды. Оның ішінде 9-сынып оқушысы Әбунасыр Әлфарабидің орындауындағы «Адай» күйі тыңдармандардың көңілінен шықса, Айзере Сұлтанбектің орындауындағы «Көңіл толқыны», «Ерке сылқым», «Балбырауын» күйлері оқушыларды елең еткізбей қоймады. Сондай-ақ 6-сынып оқушылары Айбек Боранбай мен Сембай Назипаның қайым айтыс өнері, 7-сынып оқушылары Рауан Сүйіндіков пен Ерасыл Келбеттің күйден жарысы көрерменнің көңіл көкжиегін бір кеңейтіп тастады. Ал 6-сынып оқушысы Кенесары Сейілханұлы тебірене отырып терме орындап, өнерсүйер қауымның қошеметіне бөленді.

Шара соңында белсенді оқушылар ұстаздарының жылы лебізіне бөленіп, сый-сияпатқа ие болды. Домбыраларын қолтықтап тарқасқан оқушылар бір сәтке өздерін Дина мен Ақан сері сезінгендей еді. Мектеп қабырғасындағы мұндай жиындар өнері өрге жүзген балғын домбырашылардың қатарын көбейте түсері сөзсіз.

Зеріп Нұрхасанова,

№1 жалпы орта білім беретін мектептің кітапхана меңгерушісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT