«DIGITAL KAZAKHSTAN» білім көкжиегін кеңейте түседі

Мемлекет басшысының 2022 жылғы халыққа Жолдауында айтылған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын орындау мақсатында «Атырау» ықшамауданынан 1200 орындық жаңа «Жайлы мектеп» құрылысы бой көтеріп келеді. Келер жылдың маусым айында «Болашақ» ықшамауданынан 2000 орындық БИНОМ мектебі мен 300 орындық балабақша құрылысы басталады. ТШО демеушілігімен «Береке» ықшамауданынан салынып жатқан 600 орындық мектеп келесі айда пайдалануға беріледі. Бұл жөнінде аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова «Digital Kazakhstan: Жаңа замандағы білім беру» тақырыбында өткен аудандық тамыз кеңесінде хабарлады.

БЫЛТЫР 18 903 ОҚУШЫ БІЛІМ АЛДЫ

Гүлнафис Аязберікқызының айтуынша, сонымен қатар, 300 орындық Білім Инновация Лицейінің құрылысы да жоспарда бар. «Жылыой ауданының 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарында» Майкөмген ауылынан №17 орта мектепке 300 орындық жаңа мектеп салу да жобаға енгізілді. Биылғы су тасқынынан зардап шеккен мектеп және балабақша ғимараттарын қайтадан қалпына келтіру, оларды іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

–Мен ауданымызда болған су тасқыны кезінде бір кісідей жұмыла қызмет атқарған ұстаздарға алғыс айтқым келеді. Жаңа оқу жылының қарсаңында сіздермен жүздескеніме өте қуаныштымын. Біздің еліміз дамудың жаңа кезеңінде тұр. Жаңа Қазақстанның басты байлығы - интеллектуалдық капитал, еңбек тұлғасы, инновациялық ойлар. Президент білім саласының алдына маңызды тапсырмалар қойды. Мемлекет тарапынан білім саласы үшін жасалып жатқан қолдау өте көп. Бұл ретте ауданның білім беру саласының материалдық-техникалық базасымен жабдықталу мәселесі оңтайлы шешіліп келеді. Өздеріңіз білесіздер, аудан экономикасы қарқынды даму үстінде, - дей келе, педагогтар қызметіне толайым табыс, жемісті еңбек тіледі.

Иә, жыл сайын тамыз айының соңғы аптасында педагог қауымдар осылай бас қосып, өткен оқу жылын қорытындылап, жаңа оқу жылындағы жаңалықтары мен дайындықтарын пысықтайды. Қаладағы «Кең Жылыой» мәдениет үйінде өткен педагогика қызметкерлерінің аудандық тамыз кеңесі көптеген тақырыптарды қамтыды. Пленарлық сессияның тізгінін ұстаған аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Таңатарова өткен жетістіктерді саралап, келер күннің бағыт-бағдарын бағамдап, «Мұғалім» атты мәртебелі мамандық иелерін алдағы оқу жылының басталуымен құттықтау үшін сөз кезегін аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақоваға берді.

Бұдан соң, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бисембаевтың барша ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаған бейнежазбасы экран арқылы көрсетілді. Онда ол еліміздегі білім сапасы, жеткен жетістіктер мен ұлттық бағдарламаның алдағы міндеттерін атап өтті. Осыған орай «Аудандағы білім саласының жай-күйі: мәселелер мен шешімдер» атты арнайы дайындалған бейнеролик те көпшілік назарына ұсынылды.

Ондағы айтылған жайттарға тоқталсақ: күні бүгін ауданда 20 жалпы орта білім беретін мектеп, 24 балабақша, мектептен тыс 4 мекеме және №2 педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті бар. «Баршаға қолжетімді сапалы білім» атты ұлттық баяндамадағы басты міндеттердің бірі – барлық бала үшін сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен білім алуға теңдей қолжетімділікті қамтамасыз ету. Бұл ретте аудан бойынша балабақшаларда 5089 бала тәрбиеленуде. Мектепалды сыныптар- да 1647 бала, мектеп жанындағы шағын орталықтарда 319 бала білім алып жатыр. Дегенмен де балабақша кезегінде тұрған бала саны – 1822. Өткен 2023-2024 оқу жылында 18903 оқушы білім алған. Мектептер бойынша сапа көрсеткіші 56,1 %-ды құрайды. Биыл 1 түлек «Алтын белгіге», 29 оқушы «Үздік аттестатқа» ие болған. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 593 түлек қатысып, оның ішінде 236 бала мемлекеттік грантқа ие болған. Аудан бойынша ерекше білім алуды қажет ететін оқушылар саны – 271. Оның 150-і №2 педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінде білім алды. Биыл жаңадан пайдалануға берілген 150 орындық ғимарат осы ерекше балаларға қызмет жасайтын болады. 2023-2024 оқу жылында конкурс негізінде 117 маман жұмысқа қабылданған. Осы мамандар ішінен «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша 11 жас маман қызметіне кірісті.

EDUS ЭЛЕКТРОНДЫ ПЛАТФОРМАСЫ

Сонымен қатар пленарлық сессияда облыстық білім беру басқармасының бас маманы Дина Стамғали сөз сөйлеп, ауданның білім деңгейі облыс бойын- ша жақсы көрсеткішке ие болғанын атап өтті. «КазРоботикс федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының директоры Алдан Асқар «JasUP жобасы: Жылыой ауданы жастарының болашағына инвестиция» тақырыбында баяндама жасады. Бұдан соң Т.Байсырымов атындағы Құлсары гуманитарлық-техникалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлзия Әбілхайырова «Педагогикалық білім берудегі жасанды интеллект негізіндегі жүйелерді қолдану және жаңа платформалармен оқу процесін ұйымдастыру» жөнінде баяндады.

- Колледжіміз 2020 оқу жылынан бастап EDUS электронды платформасы арқылы білім беру жүйесін жүзеге асырады. EDUS білім беру платформасы, ең алдымен, оқу және ұйымдастыру процестерін автоматтандыру, күнделікті оқу функцияларын цифрландыру құралы. Сондықтан мұғалімдердің күнделікті қағаз жұмысын жеңілдету – жүйенің негізгі міндеттерінің бірі. Жүйе бүкіл оқу күнтізбесін жоспарлауға, сабақтар мен үй тапсырмасын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Электрондық сабақтар журналын жүргізуге, студенттердің үлгерімін бақылауға және бағалауға, есептер мен материалдарды автоматтандыруға арналған онлайн құралдарға қол жеткізеді. Интерактивті қосымшалардың арасындағы бүгінгі күннің басты өзекті тақырыбының бірі - чат джи пи ти. Яғни, жасанды интеллект. Жасанды интеллект – білім берудегі ең перспективалы зерттеу бағытының біріне айналды. Жасанды интеллект – адамның интеллектуалдық қабілетін талап ететін тапсырмаларды орындауға қабілетті компьютерлік жүйелерді құрумен айналысатын информатика саласы,-дей келе, бүгінгі колледж студенттері жасанды интеллект әлемін кеңінен пайдаланып жатқанын баса айтты.

 

Бұдан соң ауданның білім саласына зор еңбек сіңіріп жатқан педагогтар марапатталды. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін Хадиша Нұрғановаға, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін Алтынай Дүйсенғалиеваға табыстады. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің алғысхатымен Жұмагүл Қожағұлова, Күнзира Сүндетова, Айжан Сабытаева, Ғалия Боранқұловалар ұлығыланды. Аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың Алғыс хатына да бір топ педагогтар ие болды. Солардың қатарында Әсемгүл Мақашева, Жұмабике Ихсанғалиева, Шара Сұлташева, Әйгерім Сарманова, Гүлназ Мұхановалар бар. Елімізде орын алған төтенше жағдай кезінде халықпен бірлесе жұмыс жасап, бірлік пен төзімділіктің үлгісін көрсетіп, қолдау білдірген Мөлдір Әлиева, Назгүл Шарғабаева, Айгүл Мұқанова, Айгүл Ербосынова, Салтанат Жұмағалиева, Алтынгүл Ибраева, Майра Бейісовалар да аудан басшысының алғысхатымен, ал аудандық мәслихат төрағасының алғысхатымен Фарида Төреханова, Балжан Құтова, Роза Мырзағалиева, Гүлназ Жолболдықызы марапатталды.

Тамыз кеңесінің пленарлық сессиясы аудан өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.

П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521