Дебат – ойлы жастың мінбері

Қоғамның келешегі - бүгінгі жастың қолында. Бұл жиі айтылатын жаттанды тіркес емес, мемлекет болашағын айқындайтын аксиома. Өйткені ұлттың рухани келбеті мен интеллектуалдық әлеуеті дәл осы жаңа буынның бойына сіңірілетін тәрбиеден, бағыт-бағдарынан бастау алады.

Сондықтан да жастар саясатының әрбір тетігі еліміздің ертеңгі дамуына жасалған стратегиялық инвестиция деп те айта аламыз. Осы орайда жастардың азаматтық позициясын қалыптастыруда, еркін ойлы, уәжді сөйлей білетін, белсенді тұлға етіп тәрбиелеуде дебат – таптырмас құрал. Осы мақсатта өткен аудан оқушыларының арасындағы пікірсайыс турниріне аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың өзі келіп қатысып, оқушыларға ізгілік ілтипатын көрсетті.

Иә, облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен және «Qabilet» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Тәуелсіз елдің тірегі – адал азамат» атты тақырыбында дебат өтті. «Терме» этно мейрамханасында болған бәсекеге 4 бірдей дебат клубы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Аталған турнир АПФ форматында жартылай финалдық кезеңнен басталды. Ақтық айқаста екі жұп жеңімпазы жүздесіп, «Жемқорлықты жеңген үздік ел» тақырыбында пікір таласты. Ойын басында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Аязберікқызы:

-Жастар өз ойын ашық айта алуы керек. Осы қабілетті нақты шыңдайтын – дебат алаңы. Бүгінгі тақырып та өзекті проблемалардың бірі. Оқушылар ойын барысында бүкпесіз ішкі пікірлерін айтып, мықты кейстер ұсынады деп сенемін. Пікір сайысшыларға сәттілік тілеймін,-деді.

Финалдық ойынға жолдама алған №1 және №2 мектептің оқушылары аргументтерін сайлап, тереңірек ойлап, әдемі ойынның үлгісін көрсетті. Бірі үздік ел ретінде Данияны көрсетсе, енді бірі көршіліс Қытайды үлгі етті. «Естімеген елде көп» дегендей, кей қызықты деректерді оқушылардың аузынан естіп, аң-таң болып қалғанымыз да бар. Қазылардың бағалауымен №9 мектеп оқушылары қоланы қанағат тұтты. №3 мектеп күміспен күптелсе, №2 мектеп дебатерлары бірінші орынды иеленді. №1 мектептен келген жас пікірсайысшылар бас жүлдені қанжығаға байлап, өздерінің мықтылығын дәлелдеп өтті. №1 мектеп оқушыларының жетекшісі Гүлмира Ардақова:

-Жарыс жоғары деңгейде өтті. Осылай оқушыларды қолдап жатқан ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын. Алдағы уақытта да жалғасын тапса, игі іс болар еді. Себебі, оқушылардың ортада ойын ашық білдіріп, қаймықпай сөйлеуі жетіспей жатады. Ал, дебат ойыны сол олқылықтың орнын толтырар тамаша құрал. Барша жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын,-деді өз сөзінде.

Қатысушыларды марапаттаған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арай Қанатқызы да өзінің ізгі тілегін жеткізді. Барлық жеңімпаздарға арнайы сыйлық пен диплом табыс етілді. Одан бөлек жетекшілерін де құр қол жіберген жоқ. Сайыс соңында шағын дастархан жайылып, қатысушыларға дәм ұсынылды.

Түптеп келгенде, бұл жай ғана пікірталас емес. Бұл - тыңдауды үйрететін, қарсы пікірді құрметтеуге баулитын, дәлелмен сөйлеп, эмоцияға емес, логикаға сүйенуді талап ететін мәдениет. Дебат жастың ойын жүйелеп, тілін ұштайды, санасын сергітеді. Ойлау мен сөйлеу адам болмысының ең биік қабаттары. Ал осы екеуін қатар дамытатын құрал - осы дебат мәдениетінде жатыр. Бүгінгі таңда елімізде жастар саясаты шеңберінде дебаттық қозғалыс қайта жаңғырып келеді.

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT