ҰБТ: НӘТИЖЕ МЕН ДЕҢГЕЙ

Осыған дейін хабарлағанымыздай, 2023-2024 оқу жылының қорытындысымен аудандағы жалпы орта білім беретін мектептерді 683 түлек бітіріп шықты. Жақында олар он бір жыл алған білімін сарапқа салар Ұлттық біріңғай тестілеуден өтті.

Биылғы электронды форматтағы ҰБТ-ға 610 оқушы тіркелуге өтініш білдірді. Оның 1-легіне 593 түлек, 2-легіне 550 түлек қатысып, тестілеуден өтті. Ал қалған түлектер ҰБТ-ға әртүрлі себептермен мүлде қатыспады.

Өткен шілдеде бір айдың үстінде мектеп бітірушілер мен ата- аналардың, мұғалімдердің уайымы мен ең маңызды мәселесіне айналған Ұлттық бірыңғай тестілеу өз мәресіне жетті. Нәтижесінде аудан бойынша ең жоғарғы 134 балл жинаған №18 М.Сатыбалдиев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің түлегі Ақбаян Магзимова аудан мақтанышына айналды. Ақкиізтоғайдағы №10 және Шоқпартоғайдағы №3 орта мектептің түлектері Әсем Айдарбайқызы мен Әсем Елубай 133-тен жоғары балл жинап, үмітті ақтады. Бұл оқушылар соңғы лекте алғашқы лекте көрсеткен нәтижелерінен де асып түсіп, жоғарғы көрсеткішке қол жеткізді.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің шығармашылықты анықтау қабілеті бағытына 79 түлек өтініш білдірген. Тестте ең жоғары балл 30 болса, сол ұпайды №18 М.Сатыбалдиев атындағы мектептің түлегі Тоғжан Играшин иеленді.

Жалпы биылғы ҰБТ-ның қорытындысын былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда деңгейдің 5,9 пайызға артық екені белгілі болды. Орта балл – 63,5 пайыз.

ҰБТ-ның өткізілуіне байланысты ауданда мемлекеттік комиссиялар құрылды. Олардың әрқайсысы өздеріне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарды. Тестілеудің өту барысында кезекшілерден бөлек, түлектермен психологтар да жұмыс жасады. Олар оқушылармен мінез-құлық ерекшелігіне қарай жұмыс істеп, кеңестер берді. Медбикелер де тест тапсырушылардың денсаулық жағдайын әркез қадағалап отырды.

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT