ҰБТ: кезекті жеңіс - 130 балл

Аудандағы ұлттық бірыңғай тестілеудің биылғы жылдың рекорды жаңарды. Бұл жолы білімнің белесіне шығып, ұлағатты ұстаздарының үдесінен шыға білген №4 Мұхтар Әуезов атындағы орта білім беретін мектептің түлегі, әрі «Үздік аттестат» иегері Фарида Аманғали болды. Ол 130 балл жинап, мектебінің ғана емес, аудандағы барлық түлектерге бір серпіліс берді. Туғанынан Тұрғызбада тұрып келе жатқан білімді түлегіміз бірінші кезекте білім берген ұстаздарына алғысын айтып, тестілеуден кейінгі алғашқы әсерімен бөлісті:

-Өте қуаныштымын. Бірақ, бір жағынан толқып тұрмын. Он бір жыл бойы жинаған білімімнің ақталғанына ризамын. Осы орайда ерке қызынан ештеңе аямаған ата-анама, бала кезімнен біліммен сусындаған ұлағатты ұстаздарыма шексіз алғыс айтамын. Дегенмен, алда тағы да бір мүмкіндік бар. Барымда салып, бұл белестен асып, тіпті еліміздегі 140 балл рекордын орнатқым келеді,-деді өз сөзінде Фарида қарындасымыз.

Ұстаздарының айтуы бойынша Фарида алғашқы сыныптардан бастап білімге құштар болған. Онымен қоса, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, мектебінің мерейін үстем қылды. Ағылшын тілі мен Дүниежүзі тарихы пәндерін таңдаған Фарида оқу және математикалық сауаттылықтан максималды ұпай жинап, жоғарыда аталған пәндерден тиісінше мүмкін болған 50 ұпайдан 47 және 45 балл жинап, тамаша нәтиже көрсетіп отыр.

Еске салсақ, ағымдағы жылы ауданамызда 683 түлек 11-сыныпты тәмамдап жатыр. Оның 600-ден астамы тестілеуге қатысып үлгерді. Одан бөлек ауданымызда бір «Алтын белгіге», 29 «Үздік аттестатқа» үміткер түлек бар.

Е.Ахметкәрімов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521