ҰБТ: ең жоғары балл – 127

Құлсары қаласындағы №6 жалпы орта білім беретін мектеп базасында орналасқан Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығында 11 сынып оқушылары үшін ақылы тестілеу басталғанын газетіміздің өткен сандарында хабарлаған едік. Еске сала кетейік, ауданда биыл 899 түлек мектеп бітіргелі отыр. Оның ішінде ҰБТ тапсыруға өтініш берген түлек саны – 765. Ал тестілеу орталығына тіркелгендер 781 оқушыны құрады.

Ақылы ұлттық бірыңғай тестілеу 10 қаңтардан ақпан айының 10-ына дейін созылады. Бүгінгі күнге дейін 461 оқушы ақылы түрде білімін сынап үлгерген. Соның ішінде №8 орта мектептің түлегі Айгерім Айса 127 балл иеленсе, №4 жалпы орта білім беретін мектеп оқушысы Дана Аманқосова 125 балл жинады. Бұдан басқа он бес үміткер жүзден жоғары ұпай жинады. Оқушылардың осы тест арқылы жинаған ұпайлары ақылы негізде оқытатын жоғары оқу орнына түсуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ әрбір тестілеуші тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляция беруіне болады.

- Білім сынағын өткізу және ұйымдастыру ереже талабына сай өткізілуде. Айта кету керек, тестіленуші, алдымен, металл іздегіш арқылы аркадан өтіп, бет-бейнесін белгілетіп, тиісті орынға орналасады. Кабинетке фотоаппарат, пейджер, ұялы телефон, рация, ноутбук, модем, смарт сағат, смарт көзілдірік, фитнес білезік, диктофон, сымды және сымсыз құлаққап, оқу-әдістемелік әдебиет, периодтық кесте, калькулятор, қағаз алып кіруге болмайды. Оларды кірер алдында сақтау жәшіктеріне салып кетуі тиіс. Егер талапкерден тыйым салынған заттар анықталса, ол тест тапсыру кабинетіне кіргізілмейді. Тестіленуші өзімен бірге жеке немесе туу туралы куәлігін, көлемі 3×4 түрлі түсті фотосы бар анықтама, су, қалам, шоколад алып кіруіне болады.

Ұлттық бірыңғай тестілеу ұзақтығы 240 минут, яғни 4 сағатты құрайды. Пән бойынша тест тапсырмаларының саны Қазақстан тарихы бойынша – 20 балл, математикалық сауаттылық – 10, оқу сауаттылығы – 10, бірінші бейіндік пәннен – 40, екінші бейіндік пәннен де – 40, барлығы 120 балл құрайды. Тестілеу аяқталғаннан кейін компьютер экранында жауап нұсқасы көрсетілген тест нәтижелерін талдау картасы, әр тапсырма бойынша алынған және жалпы балл қосындысы көрсетіледі,-дейді аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі, комиссия мүшесі Айымгүл Қалиева.

П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT