Болашаққа жасалған үлкен инвестиция

«Келешек мектебі» – заман талабына сай өте қажет бастама. Бұрынғы кеңестік кезеңде де үлкен мектептер салынатын, бірақ олардың мүмкіндігі бүгінгі технологиялық, әлеуметтік талаптарға толық жауап бере алмайтын. Қазіргідей бір мектептің өзінде психолог, логопед, STEM кабинеттері, инклюзивті білім беру бөлмелері қарастырылып жатқаны – бұл үлкен жетістік.

Мен өзім ауылда көп жыл ұстаздық еттім. Шалғайдағы елдімекендерде балалар білімге құштар болғанымен, жағдайдың тапшылығы олардың мүмкіндігін шектейтін. Қазір осы жобаның нәтижесінде ауыл мен қала баласы теңдей білім алып, заманауи құралдармен жұмыс істейтін мүмкіндікке ие болып отыр. Бұл – еліміздің болашағына жасалған үлкен инвестиция.
Сондай-ақ үш ауысыммен оқитын мектептердің мәселесі мені әркез алаңдататын. Балалар күннің қай мезгілінде білім алса да, олардың ең алдымен қауіпсіз әрі қолайлы ортада болғаны маңызды. Жаңа мектептердің бейнебақылаумен жабдықталуы, оқу процесіне қатысы жоқ бөгде тұлғалардың кіре алмауы – бәрі де ата-аналардың алаңсыз болуына септігін тигізеді.
Менің ойымша, бұл жоба – тек құрылыс емес, білім сапасына, ұрпақ болашағына деген мемлекет қамқорлығының көрінісі. Бүгінгі білім беруге қойылатын талап жоғары, ал сол талапқа сай мектеп салу – уақыт талабы. Осы жолда атқарылып жатқан жұмыстарды толық қолдаймын. Ең бастысы сападан, адами капиталдан ұтылмауымыз керек.

Зоя ИСҚАЛИЕВА,
ардагер ұстаз, “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісінің иегері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT