Ел болашағы - жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу, ата-бабамыздың ерлік дәстүрін дәріптеу, сол арқылы әскери сабаққа деген ынтасын арттырып, патриоттық сезімін ояту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және Жеңістің 80 жылдығына орай қаладағы «Мед-Профи» колледжінің спорт залында аудан жастары арасында ұйымдастырылған колледжаралық әскериқолданбалы спорт жарысы, міне, осы мақсатты көздеді.
Колледж студенттерінің бақтарын сынап, рухын жанып өткен бұл жарыс аудандағы колледждер арасындағы студенттердің қарымқатынасын нығайтып, біріктіруді де көздеді. «Құлсары қаласы Германиядағы Кеңес Әскери тобы және Варшава келісім шарты әскери тобының», алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Берік Биғалиевтың ұйымдастыруымен өткен жарысқа аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің маманы, аудандық жалпы орта білім беретін мектептердің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушылары қатысты. Жарыс бір минут үнсіздікпен басталып, Отан үшін опат болған боздақтар рухына тағзым етілді. Одан соң Мемлекеттік Әнұранымыз шырқалып, жарысқа қатысушылар мен көрермендерге рухты сәт сыйлады.
«Германиядағы Кеңес Әскери тобы және Варшава келісім шарты әскери тобы ардагерлер қоғамы» аудандық филиалының басшысы Құттығай Ешібай және «Мед-Профи» колледжінің директоры Раушан Жапарқызы құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы студенттерге сәттілік тіледі. Сайысқа үш команда қатысты. Атап айтқанда «Мед-Профи» колледжінің 1 және 3-курс студенттерінен құралған “Mix team” командасы, Т.Байсырымов колледжі мен «Мед-Профи» колледжінің 2-курс студенттерінің командалары өзара бақ сынады.
Әскери-қолданбалы спорттық жарыс бес кезеңнен тұрды. Олар: «Автомат қаруын жартылай бөлшектеп жинау», «Оқжатардан оқ шашып, қайта жинау», «Погондар мен шеврондарды дұрыс орнату», «Пневматикалық мылтықпен нысанаға алу» және «Арқан тарту» болды. Нәтижесінде «Мед-Профи» колледжінің «Mix team» командасы I орынды жеңіп алды. Ал II орынды Т.Байсырымов колледжі иеленсе, III орынды «Мед-Профи» колледжінің 2-курс студенттерінің командасы қанжығасына байлады. Мұндай мазмұнды, патриоттық рухтағы жарыстар жастардың отансүйгіштік қасиетін арттырып, әскери пәнге деген қызығушылығын оята түсетіні сөзсіз.
А.ЖҰМАБАЙҰЛЫ