Бірлескен берекелі іс – жарқын болашақ кепілі

«Ашық есік» күні – ата-аналармен жұмыс жасаудың бір түрі. Бұл оларға мектепке дейінгі білім беру мекемесімен, оның дәстүрі мен ережесімен, оқу процесінің міндеттерімен танысуға мүмкіндік береді. Мұндағы іс-шараның мақсаты - ата-аналар мен тәрбиешілер арасында сенімді қарым-қатынас орнату, балаларды бірлесіп тәрбиелеу міндеттерін анықтау және оны жүзеге асыру.

Қаладағы «Әйгерім» бөбекжай-бақшасының педагогикалық ұжымы ата-аналарға мекемеде баланың дамуы мен денсаулығын нығайту үшін қауіпсіз, педагогикалық сауатты және психологиялық қолайлы орта құрылғанын көрсетуге тырысады. Сәуір айының 10-ы күні ұйымдастырылған «Ашық есік» күні осындай мақсатты көздеп қана қойған жоқ, бүлдіршіндерді балабақшада ұстау, режимді ұйымдастыру, тамақтану шарттары туралы ақпарат алуға да мүмкіндік берді. Біз, әрине, бала бағындағы өтіп жатқан іс-шараларға үзбей қатысып жүретін ата-аналар үшін қуаныштымыз. Әр ана баласының мұнда не істейтінін, оның өмірі қызықты ма, білгісі келеді. Ал балабақша қабырғасында тәрбиеленушілердің өмірі қалай өтіп жатқанын көрсету – «Ашық есік» күнінің басты міндеті.

Сол күнгі «Ашық есік» күнін ашып сөз сөйлеген балабақша меңгерушісі А.Дүйсемалиева балабақша ішіне экскурсия өткізді. Содан кейін ата-аналар тәрбиеші Г. Күзенбаева өткізген "Бәйтерек" ересек қазақ тобындағы сөйлеуді дамыту іс-әрекетін, Ж.Әлжанова және К.Қайраққалиева ұйымдастырған "Балдәурен", «Шаңырақ» ортаңғы топтарындағы дене тәрбиесін, саз жетекшісі Ж.Ерболатованың іс-әрекетін, А.Т.Бактиярованың «Бәйтерек» тобында ата-аналардың қатысуымен өткізген дербес әрекеттер мен әртүрлі сайыстарын тамашалады. Ал С.Кубышева “Балапан” кіші тобында сюжетті-рөлді ойындарды, “Шалқан” ертегісін сомдап тәрбиеленушілер арасында жағымды ахуал орнатты. Іс-шараның нәтижесінде балабақшаның "Пікірлер кітабында" қалдырған ата-аналардың пікірі бізді бейжай қалдыра алмады. Олардың көпшілігі мұндай іс-шараларды маңызды санайтынын атап көрсетті.

Иә, «Бала – біздің болашағымыз». Ендеше, болашағымыздың жарқын болмағы сіз бен біздің бірлесіп атқарған осындай берекелі ісімізге байланысты!

А.Алтаева,

«Әйгерім» бөбекжай- бақшасының әдіскері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT