Білім сапасын жетілдірген семинар

ҚР-ның Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті облыстық білім басқармасымен бірлесіп «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалдары оқыту үдерісін жаңаша әдіс-тәсілдер, цифрлық платформалар арқылы білім, білік дағдыларын дамыту, оқыту сапасын арттыру, білім жетістігін бағалаудың тиімді амалдарын жетілдіру мақсатында тәжірибелік іс-шаралар өткізуді жоспарлады.

Бұл Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткен ел Үкіметінің кеңейтілген кеңесінің 2023 жылғы 19 сәуірдегі № 23-01-7.3 хаттамасының 2.23-тармағына сәйкес Оқу-ағарту министрлігі қолға алған мектептегі білімді объективті бағалау жүйесін қалыптастыру тәсілдерін енгізу үшін Жол картасын іске асыру шеңберіндегі шаралар негізінде жүзеге асырылып жатыр.

Мақсатты жүзеге асыру үшін облыстық Кәсіби даму институты филиалы іс-шараны өткізу орындарын анықтап, жоспарлау жұмысы арқылы тақырыптары бекітілді. Оқыту семинарының жоғары деңгейде өтуі үшін филиал ұжымы бірлескен түрде мақсат-міндеттері айқындалған шараның бағдарламасын жасақтады. Соның аясында оқыту үдерісін жаңаша құру жолдарын қарастырып, инновациялық технологияларды, әдіс-тәсілдерді қолдану тетіктері көрсетіледі. Онда оқушыларды ізденуге, өзіндік пікір тудыруға, сыни тұрғыдан ойлануға, ақпаратты талдауға, қорытындылауға, алған білімдерін өмірде қолдана алуға бағытталған міндетті тапсырмаларды іріктеуде көрінетін нәтижелер де қарастырылды.

2023 жылдың 16 қарашасы мен 20 қараша аралығында облыста 48 білім беру ұйымдарының педагогтарының қатысуымен облыста 3 күндік тәжірибелік семинар жұмысы басталды. Семинар өз бағдарламасына сай, 16,17 және 20 қараша күндері Мақат аудандық білім бөліміне қарасты Ө.Сарғұнанов атындағы жалпы білім беретін мектеп базасында 4 және 9-сынып пән мұғалімдерінің қатысуымен өтті.

Семинар жұмысына филиал директоры Даулетова Роза Қабышқызы қатысып, алғы сөзін арнады. Институт басшысы өз сөзінде облыстық білім сапасына шолу жасай келіп, оқушылардың білім жетістігінің мониторингін өткізудің маңыздылығын жеткізді.

Оған Жылыой, Қызылқоға, Мақат ауданынан мұғалімдер келді. Атап айтсақ, Жылыой ауданының М.Сатыбалдиев атындағы №18, №1, №5 Абай атындағы жалпы орта мектебі, №20, Е.Халықов атындағы №7, «№19 жалпы орта білім беретін мектептері, Қызылқоға ауданынан Х.Досмұхамедов атындағы, Мақат ауданынан А.Құнанбаев атындағы және О.Сарғұнанов атындағы орта мектептер қатысты.

Оқытудың инновациялық технологиялары арқылы оқушылардың математикалық, жаратылыстану-ғылыми және оқу сауаттылық дағдыларын дамытуға бағытталған тапсырмаларды әзірлеуде педагогтардың шеберлігін жетілдіру, кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институтының «Жаратылыстану және гуманитарлық пәндер оқыту әдістемесі» кафедрасының аға оқытушылары Г.Қаленова, Г.Тажиева, А. Жұмағалиева, Р.Ахметова, Г.Нұрмұханова және И.Тайманов атындағы мектептің орыс тілі пәні мұғалімі Ш.Сарманова, физика пәні мұғалімі Г.Сарсенгалиева, №37 мектептің математика пәні мұғалімі К.Бекішева семинар өткізді.

Аудан орталығында өткен семинарға қатысқан білім беру ұйымдарының педагогтары ғылыми-жаратылыстану, математикалық және оқу сауаттылығы бағытындағы әдіс-тәсілдер арқылы түрлі тапсырмалар орындады. Семинар аясында педагогтар өз тәжірибелеріне талдау жасай отырып, оқушылардың білім жетістіктерінің мониторингін өткізуде (ББЖМ) тың идеялар ала алғаны көрінді. Ортақ ой түйді, сенімді тұжырым жасап тарқасты.

Осындай кең ауқымды шараларды өткізу арқылы педагогтар өз тәжірибелеріне талдау жасайды. Білім алушылардың математикалық, жаратылыстану-ғылыми және оқу сауаттылық дағдыларын дамытуға бағытталған тапсырмаларды әзірлейді. Оқушылардың мектепте алған білімдерін объективті бағалау жүйесін қалыптастыру тәсілдері аясында педагогтар кәсіби құзыреттілігін дамытады деген сенімдеміз.

Г.Нұрмұханова, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

«Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институты»

«Жаратылыстану және гуманитарлық пәндерді оқыту әдістемесі»

кафедрасының аға оқытушысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT