Білім саласы: сан мен сапа

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында  «…Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» деген еді.

Жаңа мектептер салынып жатыр...

Президент өз сөзінде тұрды. Қазір өзге өңірлер секілді «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Құлсары қаласының «Атырау» ықшамауданынан да ұстаздар мен шәкірттер үшін өте қолайлы 1200 орындық жайлы оқу ордасының құрылысы жүріп жатыр. Жақында "Samruk-Kazyna Construction" АҚ басқарма төрағасының ұлттық жоба және өңірлік даму жөніндегі орынбасары Амангелді Саттаров келіп, құрылыс қарқынын бақылады. Амангелді Серікұлымен бірге аудан әкімі Жұмабек Қаражанов та болып, бой көтеріп келе жатқан оқу ордасының қазіргі ахуалымен таныстырды. Былтырғы жылы басталған құрылыс жұмыстары, негізінен, 2024 жылдың соңында аяқталуы тиіс.

Жалпы қазір қарап отырсақ, ауданымызда жалпы орта білім беретін 20 мектеп бар екен. Бүгінгі таңда, осы оқу ордаларында 18 903 оқушы білім алып жатыр. Құлсары қаласы мен аудан орталығына қарасты ауылдық округтер орталығындағы елді мекендер аумағының жылдан жылға кеңейіп келе жатқанын ескерсек, онда бұл білім ошақтары шәкірттер үшін тарлық етуі мүмкін. Сондықтан да Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өңірден жайлы бір емес, сайлы бірнеше мектеп салуға тура келеді. Бір қуанарлығы, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бұл жөнінде өткен жылғы білім саласындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттемелер туралы брифинг өткізген аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Таңатарова мәлім етті.

Оның айтуынша, Құлсары қаласындағы №5 Абай атындағы орта мектебінің апаттық жағдайдағы бастауыш сынып ғимараты бұзылып, орнына 300 орындық жаңа мектеп ғимараты салынды. Ол өткен жылғы 1 қыркүйекте пайдалануға беріліп, ұстаздар қауымы зор қуанышқа кенелді. Бұдан басқа былтыр Құлсары қаласының“Береке” ықшамауданынан 600 орындық мектеп құрылысы басталып, күні бүгін құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Бір жақсысы, құрылыс жұмыстары жалғыз мұнымен шектеліп қалмайды. Биылдан бастап қаладағы №20 орта мектепке 180 орындық қосымша оқу ғимараты салына бастайтын болады. «Жылыой ауданының 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарына» сәйкес Майкөмген ауылының №17 орта мектебіне 300 орындық жаңа оқу ғимараты салынады. Дәл осы тектес жаңа мектептер Жем, Қара Арна, Ақкиізтоғай ауылдық округтерінен де салынады. Атап айтқанда, Тұрғызба мен Шоқпартоғайдан 600 орындық, Ақкиізтоғайдан 300 орындық жаңа мектеп құрылысы басталады. Бұдан басқа, Құлсары қаласының “Шұғыла”, “Жадырасын”, “Атырау”, “Болашақ”, 5 ықшамауданынан да жаңа білім ошағы бой көтереді деп жоспарланған.

Құлсары қаласынан «Атырау», «Болашақ», «Жадырасын», «Теміржолшылар» ықшамаудандарынан және Қосшағыл ауылынан – барлығы 7 балабақша құрылысын салу, сонымен қатар, апатты деп танылған Шоқпартоғай ауылдық округіндегі «Балдәурен» балабақшасының орнына ТШО арқылы 280 орындық жаңа балабақша құрылысы 2024 жылдың наурыз айында бастау жоспарланған.

Гүлжансара Қалиқызы брифингте жалпы білім беру бөлімінің 2023 жылы алдына қойылған міндеттерінің орындалғанын атап өтті. Соның бірі – мектеп пен балабақшалардың күрделі жөндеу жұмыстары. Былтыр үш мектеп пен үш балабақшаның жөндеуіне жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, №7 мектептің күрделі жөндеуіне қаражат қарастырылған.

Расында да, бүгінгі орта мектептердің жағдайы қалай? Гүлжансара Таңатарова олардың қазіргі материалдық-техникалық жағдайы туралы да баяндады.

- 2023 жылы Қосшағыл ауылындағы №2 және Құлсары қаласындағы №18 М.Сатыбалдиев атындағы орта мектептер күрделі жөндеуден, «Республикадағы 1000 мектеп» жобасымен №2 және Жаңа Қаратон кентіндегі №23 орта мектептер жаңғыртудан өтті. Ұлттық қордың қаржыландыруымен 12 мектепке 3 млн 900 мың теңгеге «Робот конструктор» жинағы берілді. ТШО қаржыландыруымен №8 мектепте «СТЕМ» кабинеті алынды. Қарағай елді мекенінен балаларды тасымалдау үшін заманауи автобус алынды. Биылғы жылы №1, №7, №9, №22 – барлығы төрт орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда техникалық сараптамалары дайын, №7 орта мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы әзір, мемлекеттік сараптамадан өту үшін қаражат бөлінді. Енді қалған үш орта мектептің және «Аққайың-1», «Еркемай», «Әсем-1». «Құлыншақ» – барлығы төрт балабақшаның күрделі жөндеуден өтуі үшін ЖСҚ жасауға облыстық білім беру басқармасына бюджеттік өтінім берілді,-дейді Г.Қалиқызы.

62 маман жетіспейді

Гүлжансара Таңатарваның берген мәліметіне сүйенсек, өткен 2023 жылы ауданның білім саласына барлығы 18 млрд. 35 млн.  193 мың теңге қаражат бөлініп, оның 99,9 пайызы игерілген екен.

Бөлім басшысы мектептердің материалдық-техникалық жағдайы жөнінде әңгімелеп қана қойған жоқ, ондағы білім сапасы мен тәрбие діңгегі жайлы да баяндады. Өйткені, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қабылданған Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №726 «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын бекіту туралы» қаулысында білім сапасын арттыру жөніндегі жұмыстың негізгі бағыттарын атап өтті. «Олар - білім беру процесіне қатысушылардың үздік білім беру ресурстары мен технологияларына бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ету, жылдам өзгермелі әлемде табыстылығын қамтамасыз ететін білім алуға деген білім алушылардың сұраныстарын қанағаттандыру,»-деді ол.

Оның айтуынша, биылғы оқу жылында аудан оқу ордалаарында білім алып жатқан 18 903 оқушының білім сапасының көрсеткіші – 55,6 (55,2% (+0,4%), үлгерім- 100 % (0). Өткен оқу жылында 19 түлек «Алтын белгі», 25 оқушы «Үздік аттестат» иегері болған. Биылғы үміткерлер саны – 34. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 600 түлек қатысып, орта балл 55,7. болып, былтырғымен салыстырғанда айырма + 5,3 құраған. 190 түлек мемлекеттік грант иегері атанып, түлектердің 80% жоғары, арнаулы оқу орнына түскен.

Жаңа мектептер бой көтеріп, барының оқу ғимараты жаңартылып, ұстаздар мен оқушыларға жайлы жағдай жасалса, онда білім мен тәрбие көрсеткіші бұрынғыдан да жоғарылар деген үміт бар. Ол үшін, әрине, мамандар мәселесін де қатар шешуге тура келеді. Өйткені, жаңа білім ордалары сапалы кадрларды қажет етеді. Білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Таңатарова бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

-Орта білім беретін мектепте – 1804, мектепке дейінгі мекемелерде 555, қосымша білім беру ұйымдарында – 134 – барлығы ауданда 2493 педагог еңбек етеді. Олардың жоғарғы, І санат және жаңа жүйе бойынша «Шебер», «Зертеуші», «Сарапшы» санаттарын алғаны 33,4 пайызды құрайды. 2023-2024 оқу жылында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің №57 бұйрығына сәйкес, конкурстық негізінде 117 мұғалім жұмысқа қабылданды. Олардың ішінен «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 11 жас маман жұмысқа орналасты. Өткен жылы білім жетілдіру курсынан 143 педагог өтті,-деді ол.

Дегенмен де, білім беру ұйымдарына 62 маман жетіспейді. Әсіресе, орыс сыныбының мұғалімдері қат. Мамандармен қамтамасыз ету мақсатында облыстық білім беру басқармасына, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне, басқа да жоғарғы оқу орындарына мамандар жәрмеңкесіне қатысуға хат жолданды. Сонымен қоса қабат, жас мамандар мен зейнеткер ұстаздарды жұмысқа тарту, артық жүктеме арту арқылы бұл тапшылықты жою жұмыстары жүргізілуде.

1359 бала кезекте тұр

Мектептер мен балабақшалардағы қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмайды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасына сәйкес, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын «дабыл түймелерімен», турникеттермен, мамандандырылған күзетпен және ішкі істер органының жедел басқару орталықтарына қосылған бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз ету – уақыт талабы. Бұл мақсатта:

-Өткен жылы 142 млн 790 мың теңге қаражат бөлінді. Соның ішінде, балабақшаларға – 94 млн 896 мың, мектепке 47 млн. 894 мың теңгеге заманауи скут, металл іздегіш, қосымша бейнебақылаулар алынды. Күні бүгін, барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау камераларымен, турникетпен, мамандандырылған күзетпен қамтылып, 20 мектеп пен 20 балабақшаның «дабыл түймесі» аудандық полиция бөлімінің жедел басқару орталығына қосылды.

Әрмен қарай мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру хақында хабарлама жасаған білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Г.Таңатарова Қадақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы №249 Қаулысымен бекітілген «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндаманың басым міндеттерін атап өтті. Соның бірі – барлық бала үшін мектепке дейінгі тәрбие мен сапалы білім алуға теңдей қолжетімділікті қамтамасыз ету.

-Иә, ауданда да ел ертеңін 2 жасынан бастап мектепке дейінгі біліммен қамтуға қатысты шаралар қабылданып жатыр. Бұл ретте ата-ананың формат таңдау құқығы бар: үйде, орталықтарда немесе балабақшаларда тәрбиелеп оқытуына болады, - деді ол.

Оның сөзінше, аудан балабақшасында 4671 бүлдіршін тәрбиеленуде. Мектепалды сыныптарда – 1647 бала, мектеп жанындағы шағын орталықтарда 319 бала бар. Дегенмен де, 1359 бала балабақша кезегінде тұр. Қамту пайызы - 89,6 % .

-Осы бір өзекті мәселені шешу мақсатында «Жылыой ауданы дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына» мектепке дейінгі жеті мекеме құрылысын салу енгізілді. Сонымен қатар, апатты деп танылған Шоқпартоғай ауылдық округіндегі 160 орындық «Балдәурен» балабақшасының орнына ТШО-ның қаржылантыруы арқылы 280 орындық жаңа нысан құрылысын салу көзделіп отыр. Бұл жұмысты 2024 жылдың наурыз айында бастау жоспарланып отыр,-деді Гүлжансара Қалиқызы.

Брифингте бұдан басқа, ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар, пәндер олимпиаданың қорытындысы, қосымша білім беру, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, ыстық тамақпен және оқулықпен қамту секілді өзекті мәселелер де сөз болды. Соңынан білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Г.Таңатарова қойылған сауалдарға жауап қайтарды.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521