Білім мен тәрбие – біртұтас

Президент Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық құндылықтарын баса назарда ұстап, қазіргі қоғамның мәселелері: вейп, нашақорлық, лудомания, вандализм, діни экстремизм, буллинг, зорлық-зомбылық, ысырапшылдықпен күресу керек» деп түйіндеді.

Осыған орай 2024-2025 оқу жылында алты құндылыққа негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы іске қосылуда. Ондағы әрбір құндылық ендігі оқу процесінде жүйелі түрде көрінеді. Әр ай тұлғаны қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды қамтитын болады. Яғни, жаңа оқу жылынан бастап оқу пәндерімен бірге құндылыққа негізделген тәсілдермен негізгі оқу пәндері қоса оқытылады. Сонымен қатар әлеуметтік ғылымдар, тілдер және музыка арқылы құндылықтарды оқыту қолға алына бастайды. Оқушылардың дағдысы мен әлеуметтік қарым-қатынасын дамытуға бағытталған сыныптан тыс іс-шараларды, ұлттық мерекелер, кітап оқу сағатын, цифрлық гигиена сабақтарын, салауатты өмір салтын насихаттау және спорттық шараларды өткізуді ұйымдастырамыз. Бұл бағдарламаның тәрбие жұмысына енгізілуінің бірнеше артықшылығы бар. Яғни ол оқу процесінде тәрбие берудің барлық бағыттарын қамтиды.

Бұл мектептің, сыныптың және әрбір мұғалімнің тәрбие ісін жүйелі түрде ұйымдастыруына мүмкіндік береді. Оқушылардың тұлғалық дамуына қажетті құндылықтарды бірізді қалыптастырады. Сондай-ақ, бағдарлама оқушылардың моральдық және рухани құндылықтарын дамытуға бағытталған. Бұл баланың бойынан өмірлік ұстаным мен мінез-құлқын, патриотизм, азаматтық жауапкершілік, адамгершілік сияқты негізгі құндылықтарды қалыптастырады. Біртұтас тәрбие бағдарламасы оқушының интеллектуалды, рухани, әлеуметтік, дене және эстетикалық дамуымен қатар, оларды еңбекке және салауатты өмір салтына машықтандырады. Әр түрлі бағыттарды қамтитын бағдарлама баланы жан-жақты дамыған тұлғаға жетелейді деп сенеміз. Тәрбие жұмысының барлық бағыты мен мақсаттары бір-бірімен байланысты. Бұл мектептің жалпы тәрбие жұмысын тиімді әрі кешенді түрде жүзеге асуына мүмкіндік береді. Бағдарлама оқу процесімен және басқа да қосымша білім беру іс-шараларымен интеграцияланған. Яғни әр мектептің өз ерекшелігіне қарай бейімделіп, жүзеге асырылады.

Бағдарлама әр ата-ананы тәрбие процесіне белсенді қатыстыруды көздейді. Бұл мектеп пен отбасы арасындағы өзара әрекеттестікті күшейтіп, тәрбие процесінің тиімділігін арттырады. Оның жүйелі түрде енгізілуі білім беру ұйымындағы тәрбие жұмысының сапасын арттырып, жалпы білім беру деңгейін жоғарылатады.

Қорыта айтқанда, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы білім беру ұйымының тәрбие жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, оқушылардың жан-жақты дамуына, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қалыптасуына оң ықпал етеді.

Інжу Ермекбаева,

аудандық білім бөлімінің тәрбие жөніндегі әдіскері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT