Ауданда білім сапасын көтеру үшін көптеген жұмыстар жүзеге асып жатыр. Бірақ, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижемен алға озып кете алмай келеміз. Содан да болар, небір дарынды балаларымыз жоғарғы сыныпқа келгенде «сыртқа» кетіп жатады. Осы жерде қабілетті оқушыларды қаншалықты қолдап жүрміз?- деген сұрақ туындайды. Оларды рухани тұрғыдан ғана емес, материалдық жағынан да көтермелеу керек емес пе?
Расында да, қазіргідей нар көтермес нарықтың ауыртпалығы арқаға аяздай батқан заманда озат оқушыларды қайтсек қолдай аламыз? Бұл ретте ауданымызға белгілі ардагер-ұстаз Наурызбай Төлеуовтың көтерген бастамасы бәрімізді сүйсінтіп келеді. Ол осымен екінші мәрте №10 Амангелді атындағы орта мектепке барып, ондағы үздік деп танылған бір оқушыға өзінің атынан тағайындалған стипендия табыстап қайтты.
Иә, жаңа Ұлу жылының алғашқы айын Наурызбай Төлеуов ағамыз осындай игілікті іспен бастады. Ақкиізтоғай ауылына қадам басқан ол ондағы оқу ордасының ұстаздары мен жоғарғы сынып оқушыларымен кездесіп, өзінің еңбек жолының естен кетпес естеліктерімен бөлісті. Сол уақытта алақандай ауылдағы мектеп қабырғасынан ғалымдар мен небір ақын-жазушылар түлеп ұшқанын, бүгінгі оқушыларды да алдыңғы толқын ағаларының ізімен білімнің биік белесінен көрінуге шақырды. Ал, бұл жолы стипендия Әлия Әмірғалиқызы атты оқушымызға берілді. Ол көпшілік алдында ардагер ұстаздың алғысы мен ақ батасын алды.
№10 мектептің 10-сынып оқушысы Әлия Әмірғалиқызы - оқуда озат, «Үздік аттестатқа» үміткер, республикалық пәндер олимпиадасының облыстық кезеңінің сертификаты мен республикалық ғылыми жобалар сайысының облыстық кезеңінде 3-орынды жеңіп алды.
Наурызбай аға өзінің бұл бастамасын өткен жылы қолға алған болатын. Тоқсан сайын топ жарған оқушыны марапаттап, стипендия табыс етуді дәстүрге айналдырып келеді. Ұстаз өз сөзінде бұл игі ісінің негізгі мақсаты – жасөспірім баланы оқуға ынталандыру екендігін баса айтты. Және де аудандағы кәсіпкер азаматтар осы челленджді жалғастырса деген тілегін жеткізді. - Өйткені, еліміздің келешегі - жастар, олардың білімге деген құштарлығын арттырып, еңбекке баулу - біздің міндетіміз. Өскелең ұрпақ білімді, әрі қоғамдық өмірге белсене араласатын көзі қарақты азамат болып қалыптасса, тәуелсіздігіміз тұғырлы, болашағымыз жарқын болары анық,-деді ардагер-ұстаз.
Ардагер-ұстаздың озат оқушыға деген риясыз көңілі болашақ түлектің білімнің биік белесіне шығуға деген құштарлығын арттыра түскені анық. Әрине, бұл жерде мәселе ақшада емес. Ел ертеңіне деген шынайы жанашырлық, мейірімділік, қамқорлықта жатыр. Бала жанын ұзақ жыл ұстаздық қызметпен айналысқан ардагер ағадан артық түсінер жан бар ма?! Осы жерде ұлағатты жанның бастамасын ауданның кәсіпкер азаматтары қолдаса дейміз.
Расында да, өндірісі өркендеген өңірімізде қайырымдылықтың үлгісін көрсетіп жүрген бизнес иелері аз емес. Егер олардың әрқайсысы өздері түлеп ұшқан алтын ұясына барып, ондағы озат оқушыларды қамқорлап, өз атынан стипендия тағайындап тұрса, мүмкін, ауданда үздіктер қатары арта түсер ме еді, кім білген?! Мұндай жақсы бастаманы аудандық білім бөлімінің басшылары да қызу қолдар деген ойдамыз.
Ерназ Алтайұлы