Баланы бөбекжайға бақ деп берді...

Оқиға балабақшадағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Жаңа Қаратон кентіндегі «Балдырған» бөбекжайында болған оқиға әлеуметтік желіде жарияланды. Бұл оқиға балабақшадағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Бейнежазбада балабақша қызметкері бүлдіршіннің қасына жақындайды да басынан ұрып, шашынан сүйрейді. Кішкентай бүлдіршіннің жерге құлап түскеніне мән бермейді. Бұл көрініске балабақшадағы тәрбиеленуші басқа балдырғандар қарап отырады. Оқиға орнындағы екінші тәрбиеші бұл қылыққа жайбарақат қарап отыр. Бүлдіршін үйіне жылап, шағым айтып келген соң ата-ана оның себебін білмек болады. Сөйтіп бейнебақылаудағы жазбаны тексеру кезінде келеңсіз дерек анықталған.

Қазір тәрбиеші жұмыстан уақытша шеттетілді. Балабақшадағы бүлдіршіннің шашынан сүйреген 21 жастағы қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Аудандық білім бөлімінен арнайы комиссия құрылды. Ал полицейлер сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Гүлжансара ТАҢАТАРОВА, Жылыой аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары:

-Әлеуметтік желіге жарияланған бейнетаспаның әрбір минутын, әрбір секундына дейін сараптап қарап жатырмыз. Қазір біз кінәлі тәрбиешінің тарапынан да, балабақша меңгерушісінің уақытша қызметі лауазымындағы адамнан да, әдіскерлер, жалпы барлық педагогикалық қызметкерлер тарапынан жеке-жеке түсініктеме алып жатырмыз. Қазір қорытындысын шығару әлі ерте, себебі зерделеу комиссиясы жұмыстарын жүргізуде,- дейді.

Әлеуметтік желіде бейнетаспа жарияланысымен, өзге де ата-аналар «Тәрбиешілер психикасы қалыптаса қоймаған бүлдіршіндерге мынадай іс-әрекет көрсетсе, балаларымызды балабақшаға қалай береміз?» деп уайымдауда. Бұл оқиға өзге педагогтарға ащы сабақ болса дейміз.

С.БАҚТЫҒАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521