Балабақшаның құзыреттілігі: мәні, маңызы және дамыту жолдары

Қазіргі білім беру жүйесінде мектепке дейінгі мекемелердің алатын орны ерекше.

Баланың тұлғалық дамуы, әлеуметтенуі және өмірлік құндылықтарының қалыптасуы осы кезеңде басталады. Осы тұрғыдан алғанда балабақшаның құзыреттілік деңгейі білім беру сапасының, тәрбие жұмысының және жалпы қызметінің тиімділігін айқындайтын негізгі көрсеткіштің бірі саналады. Құзыретті балабақша қандай болуы керек?

Құзыретті балабақша келесі талаптарға сай болуы тиіс:

• Білім беру ортасы – қауіпсіз, дамытушы, инклюзивті;

• Педагог кадрлар – кәсіби, жаңашыл, үздіксіз дамуға бейім;

• Ата-анамен серіктестік – ашықтық, өзара сенім, бірлескен тәрбие;

• Басқару жүйесі – нәтижеге бағытталған, тиімді жоспарлау және мониторинг жүргізу;

• Цифрлық сауаттылық – жаңа технологияларды білім беру мен басқаруға енгізу.

Осы орайда Құлсары қаласындағы “Анашым” бөбекжай бақшасы 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап облыстық Білім беру басқармасының әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен құзыреттілік орталық жұмыстарына қатысқан еді.

Айта кетсек 2024-2025 оқу жылында «Анашым» бөбекжай балабақшамыздың тәрбиешісі Айым Бағытқалиева жаңа замандағы білім беру «Мектепке дейінгі білім берудегі инновациялар» тақырыбындағы облыстық тамыз кеңесіне қатысты. Онда «Мектеп жасына дейінгі балалардың танымдық және әлеуметтік дағдыларын дамыту үшін интерактивті оқу ойындарын пайдалану» тақырыбында аудандық, қалалық білім беру бөлімдерінің мектепке дейінгі тәрбие мамандары мен әдіскерлері, мектепке дейінгі тәрбие мен ұйымдарының қызметкерлері, мектепалды даярлық тәрбиешілері және колледж оқытушыларына арналған панельдік секциясында өз жобасын таныстырып, сөз сөйлеп, Алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар Айым Мизамғалиқызы құзыреттілік орталықтың жоспарына сәйкес «Тәрбиелеу мен оқытудың заманауи нысандары мен әдістері: ізденістер мен шешімдер» тақырыбында Қарағанды қаласында өткен өңірлік семинарда болды.

2024-2025 оқу жылының қыркүйек айының 11-жұлдызында балабақша меңгерушісі Айнұр Сисекенова мен балабақша тәрбиешісі Мадина Жарылғасынова «Калейдоскоп-мектеп жасына дейінгі балаларды оқытудың қазіргі тенденциялары» тақырыбында Құрманғазы ауданында өткізілген облыстық семинарға қатысты. Онда Мадина Ғарифоллақызы «Калейдоскоп-мектеп жасына дейінгі балаларды оқытудың қазіргі тенденциялары» тақырыбында өз жобасын қорғап, арнайы Алғыс хат және сертификатпен марапатталды. 2024-2025 оқу жылының 5 қарашасында балабақша әдіскері Рабиға Қалиева «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарындағы жобалық қызметі» тақырыбында Алматы қаласында өткізілген республикалық ғылыми-әдістемелік конференцияға қатысып келді.

2024-2025 оқу жылының 2-13 маусым аралығында балабақша меңгерушісі Айнұр Сисекенова «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен өткізілген «Бастауыш мектептермен сабақтастықты және тиімді өзара әрекеттесуді қамтамасыз ету үшін мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары мен педагогтарын кәсіби дамыту» атты біліктілік курсына қатысып, білімін жетілдірді. Балабақшаның құзыреттілік деңгейін арттыру – бұл тек басқарушының ғана емес, бүкіл ұжым мен ата-аналардың бірлескен еңбегі. Бүгінгі заман талабына сай жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу үшін мектепке дейінгі ұйымдардың құзыреттілігіне ерекше назар аударылуы қажет. Тек сонда ғана болашақ ұрпақтың сапалы тәрбиесі мен білімінің іргетасы дұрыс қаланады.

Айнұр Нариманқызы,

“Анашым” бөбекжай бақшасының меңгерушісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT