Қаладағы «Еркем - ай» бөбекжай бақшасында ұлттық тәрбиеге бағытталған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» атты тренинг ұйымдастырылды. «Құлыншақ» ортаңғы тобының тәрбиешісі Фариза Қазбаеваның ұйытқы болуымен өткен шараға барлық жас аралығындағы бүлдіршіндердің әкелері шақырылды.
Тренингтің мақсаты – балабақша мен отбасының өзара байланысын, қарым-қатынасын нығайту. Бала тәрбиесіндегі әкенің перзентіне деген тәлімдік ықпалын арттыру, отбасындағы әке мен ер-азаматтың рөлінің мәнін ұғындыру, ұрпақ тәрбиесіне әкелердің көзқарасын кеңейту, жанұядағы әке мен баланың арасындағы қарым-қатынасты нығайту, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлудің маңыздылығын дәлелдеу еді. Сонымен қатар, ұмытылып бара жатқан ұлттық ойындарды еске түсіру болды. Шара психологиялық тренинг формасында өткізілді.
Тренинг бастауы «Әке – жаратылыстың бастауы», «Әкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз өседі», «Әр шаңырақта әкенің орны ерекше», «Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы» деген афоризм сөздерімен ашылды. «Танысу» жаттығуы әкелердің бір-бірімен таныстығын нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Әкелерге «Ұл бала тәрбиесіндегі әке рөлінің маңызы», «Қыз бала мен әкенің қарым-қатынасы» тақырыбында бейнежазба көрсетіліп, сюжет бойынша пікірлері талқыланды.
Келесі бөлімде ситуациялық жағдаяттарды шешу үшін әкелерге тапсырма берілді. Онда: «Балаңыз досымен келіспей қалды да, жаман сөздермен сыбағасын берді. Сіздің әрекетіңіз?», «Балаңыз үйге таныс емес ойыншық әкелгенін бір аптадан соң байқайсыз. Қалай әрекет етесіз?», «Балаңыз ойыншықтарын жина дегенге көнбей сізге қарсы келді, не істейсіз?» деген секілді сұрақтар қойылды. Оның барлығына әкелерден бала тәрбиесіне қатысты ұтымды жауаптар берілді. Тренингке қатысушы әкелер бала тәрбиесіне қатысты өз ұсыныстарын да айта білді.
Тренинг логикалық ойынмен жалғасты. Онда мақал-мәтелдерді сурет бойынша табу керек болды. Бұл сыннан да әкелер сүрінбей өтті. Әрі қарай «Асық ойыны», «Ләңгі тебу» тәрізді ұлттық ойындарға кезек берілді. Мұнда да барлық әкелер белсенділік танытты. Соның ішінде «Құлыншақ» тобының тәрбиеленушісі Ханшайым Қаршығаның әкесі Қаршыға Кенжебек мақал-мәтелді сурет арқылы шешуден жеңіске жетсе, ал асық ойынында «Бәйтерек» мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушісі Айзере Сейтқалидың әкесі Айбек Рысжанов өте белсенді болып, асық ойынының түрлі тәсілдерін айтып берді. Балабақша меңгерушісі Айгүл Дәрібаева сөз алып, алға қарай да осы ұлттық ойындар тақырыбында ұйымдастырылатын шараларға қатысып, ойын тәсілдерін көрсетіп тұруға ұсыныс жасады. Балабақша әдіскері Амангүл Өтенова белсенділік танытқан әкелерге алғыс білдірді.
Психолог Қанипа Сейтуева өз тәжірибесімен бөлісіп, әкелерге бала тәрбиесінде мейірімді болу керегін, төзімділік танытуын, түрлі ситуация кезінде қандай қарым-қатынас жасау керектігін түсіндіріп, өз ойымен бөлісті. Қорытындысында тәрбиеші Фариза Кеңесқызы балаға тәрбие беріп, тура жол сілтейтін – әке екендігін айта келіп, «Қисайған ағашты түзеу қиын, ал түзу өсіру оңай, бала кішкентай күнінен бастап әкесі оның жасына сай дұрыс бағдар беріп отыруы керек. Отбасының пейіл - береке, ынтымағы үшін отағасының әділ, ұстамды болуы орасан маңызға ие» деген қанатты сөзбен тренингті аяқтады.
- Ақын Аманжол Әлтаев «Әке – ұлы күш пен сабырлықтың иесі іспеттес. Әке баласының физикалық және рухани тұрғыдан мықты болып өсуіне көп мән беруі керек. Сондай-ақ ұқыптылық, адалдық, мейірімділік, өзгелерге жақсылық жасау секілді адами қасиеттерді ұзын-сонар әңгіме немесе ақыл айтып емес, әке өзінің іс-әрекетімен көрсетсе, бала санасында мәңгі қалады» деген екен. Ендеше, «Бала жас, әлі ештеңе білмейді», «Өсе келе бәрін түсінеді» деп қарауға болмайды. Әке бала тәрбиесіне ерте жастан араласуы керек, әлі кішкентай деп, анасына ысырып тастайтын әкелер бар өкінішке қарай. Ұл болсын, қыз болсын, әкенің мейірімі қажет. Ер бала әкесіне, жасы үлкендерге, достарына қарап өсе бастайды. Ол өзіне ұнайтын ересектерден үлгі ала отырып, соларға ұқсағысы келеді. Егер де үйде әкесі дөрекі, шыдамсыз болса, бала өзін кез-келген жерде ыңғайсыз сезініп ынжық болып өседі. Ондай бала көбінесе анасына арқа сүйейді, оның мінезін және қызығушылығын қабылдай бастайды. Сондықтан әкесі ұлым нағыз ер жігіт болып өссін десе, балаға сөзбен де, іспен де қолдау көрсетуі қажет.
Әкесі перзентімен қуана отырып, шын көңілімен уақыт өткізуі керек. Бала мұндай жақындықты сезініп, әкесіне өз сырларын айтып, ашыла бастайды. Қыз баланың да әкесімен достық қарым-қатынаста болғаны жақсы. Оған әкесінің қолдау көрсетуі ертеңгі күнге деген сенімін арттыра түседі. Әкесі қызының әдемі көйлегін, шашын немесе өзінің қолымен істеген бір нәрсесін мақтаса, оның көңілі көтеріліп, қуанып қалады. Сөйтіп қыз бала өсе келе әкесінің пікірімен санасып, ой бөлісетін болады, - деп аяқтады Фариза Кеңесқызы.
Өз тілшіміз