Байқауда топ жарған ұстаз

Алматы қаласының төрінде өткен республикалық “Үздік авторлық бағдарлама” 2025 байқауы биыл Жылыой жұртшылығы үшін айрықша қуанышпен есте қалды. Себебі бұл сайыста аудан намысын қорғаған ұстаз Нұғманова Ақмарал Уранвекқызы кәсіби шеберлігі мен шығармашылық ізденісінің арқасында үздіктер қатарынан көрініп, арнайы марапатқа ие болды.

Бұл - тұтас ауданның, тіпті өңірдің үлкен жетістігі. Себебі байқауға облыстың түкпір-түкпірінен келген мұғалімдер педагогикалық тәжірибесін, бірегей әдістемелік әзірлемелерін ұсынып, кәсіби бәсекеге түсті.

Ақмарал Уранвекқызы тек білім берумен шектелмей, қосымша білім беру саласын дамытуға, ғылыми-техникалық шығармашылықты насихаттауға, робототехника бағытын ілгерілетуге сүбелі үлес қосып келеді. №18 М.Сатыбалдиев атындағы жалпы орта білім беретін мектепте технология пәнінен 16 жыл ұстаздық етіп, 2016 жылдан бері “Жас техниктер станциясы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры және қосымша білім беру педагогі қызметін атқарады. Ұстаздық жолында 25 жылға жуық уақыт бойы қажырлы еңбек етіп, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп шығарды. 

Сонымен қатар кәсіподақ ұйымының жұмысын ұйымдастыруда да белсенділік танытып, әріптестерінің сеніміне ие болған білікті маман. 

Ұзақ жылғы тынымсыз еңбегі мен білім беру саласына қосқан зор үлесі елеусіз қалған жоқ. Ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, сондай-ақ Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығының алғыс хаттарымен марапатталған.

 Ал республикалық “Үздік авторлық бағдарлама” конкурсында иеленген марапаты - ұстаз еңбегінің биік бағаланғанының айқын дәлелі. Бұл байқауда қатысушылар өздерінің жаңашыл идеяларын, оқытудағы ерекше әдістерін, оқушыларды дамытуға арналған авторлық жобаларын ұсынды. Осындай жоғары деңгейдегі бәсекеде аудан ұстазының озық шығуы зор мақтаныш.

Нұғманова Ақмарал Уранвекқызының бұл жетістігі тұтас Атырау облысы үшін үлкен абырой. Өйткені бұл жеңіс ауыл мұғалімдерінің де республикалық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейтін жарқын үлгі. 

Ұстазға алдағы уақытта да толағай жеңіс, шығармашылық шабыт пен сарқылмас жігер тілейміз! 

А. Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT