Ауылдағы поэзия кеші

Киелі Кең Жылыой - талай арқалы ақындарды дүниеге әкелген киелі жер. Осындай туған жеріміздің қасиетін бойына дарытқан жас та болса жүрегінен жыр төгілген ақын қызымыз бар. Ол – қосшағылдық Қарлығаш Ұзақбайқызы. Тұрғызба ауылында дүниеге келген ол жастайынан қазақ ақындарының өлең жырларын сүйіп оқып, жырға ғашық болып өседі. Үйде асыл жар, бесік тербеткен ана болса да, қоғаммен байланысын үзбеген нәзік жанның жеке жинағы жарық көрмесе де, бір кітапқа жүк боларлық өлеңі бар екенін өзінің поэзия кешіне қатысқанда білдік.

Ақын деген кім өзі түсінбедім,

Өлеңіммен тұлғасын мүсіндедім.

Жан дүниесін түсіну өте қиын,

Көргем талай ақынның күрсінгенін.

Ақын деген кім өзі, ұлы адам ба?

Артықтығы өлең-жыр құраған ба?

Асау тұлпар секілді буырқанып,

Жырыменен үн-түнсіз жылаған ба? – деп Қарлығаштың өз жырымен «Қызымын Ұзақбайдың Қарлығаш атым» атты поэзия кешін ашып берген сырлас досы Бөбек Лауадинқызы оның өмірі мен шығармашылық жолына қысқаша тоқталды.

Иә, сол кеште ауыл халқы жырға сусап, шөліркеп қалғанына тәнті болдық. Мәдениет үйі залына жиналған қалың оқырман Қарлығаштың жыр әлеміндегі, өлең өлкесіндегі әр қадамына сәттілік тілеп, бата-тілектерін ақтарды. №2 орта мектеп оқушылары ақын жырларын төгілте оқып, қаршадай қыздың ақындық қырынан сыр шертті. Кеште өнерпаздар, «Қайран, жастық», «Бақытың қаншадан?» әндерін шырқады. Қарлығаш өзінің «Әке» жырын оқып, Бөбек Лауадинқызы ақын сіңлісіне арнаған «Қарлығаш жыр» атты арнау өлеңімен кешті қорытындылады.

Қосшағыл ауылдық округі әкімдігі мен мәдениет үйінің, аудандық аналар кеңесінің ұйтқы болуымен өткен кештен шалғай ауылдағы жырсүйер жұртшылық рухани нәр алып тарқасты.

Ақбота АҚТІЛЕК,

Қосшағыл ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521