Ауыл мектебінің тұңғыш түлектері

Біздің буын мектеп табалдырығын аттар кезеңде халықтың жағдайына байланысты шағын бастауыш мектептер ғана болды. Колхоздың шаруашылығына қарай халық шашыраңқы орналасты, мектеп үйлері жеткіліксіз, мұғалім кадрлар да аздық ететін. Бастауыш класты бітірген ауыл балалары білімін орта мектебі бар жерде жалғастыруға мәжбүр еді. Туысының үйіне жатып Құлсарыға, Қосшағылға немесе Қамыскөл, Шоқпартоғайда орналасқан арнайы интернат, пансионатта оқыды. Ондай жағдайы жоқтар оқудан қол үзіп те қалатын.

Айталық, мен білім алған Ақкиізтоғайда 1959-1960 оқу жылында оқушы санының аздығына байланысты 7-класс ашылмай бір топ бала басқа ауылдарға кетуге мәжбүр болғаны есімде. Келесі жылы толығып, 7 класты жалғастырып кеткенбіз. Сөйтіп, Жеңістің соңын ала 1945-1948 жылдар аралығында өмірге келген, аздаған жас айырмашылығы бар бозбала-бойжеткендер орта мектепті 1965 жылы бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай боп жұбымыз жазылмай, бір кластан бітіріп шықтық. Сол кезде Ақкиізтоғайдағы Аманкелді атындағы орта мектепті (қазіргі №10 мектеп) алғаш рет 29 оқушы тәмамдадық. Бір класта ауылдың 18 ұлы мен 11 қызы болдық.

Міне, биыл 1965 жылы Аманкелді атындағы орта мектебінің «Тұңғыш түлектері» атанған біздерге алтын ұямыздан қанат қаққанымызға 60 жыл толып отыр. Осынау айтулы сәт Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келуі де бекер емес. Өйткені біз – бейбіт заманның да тұңғыш перзенттері едік. Кластастарымыздың алды да Жеңіс мерекесімен бірге сексеннің сеңгіріне шығып жатқан жайы бар.

Біздің туған ауылымыздан толық орта білім алып, болашаққа жолдама берілуі, бәрі-бәрі өз мектебімізде тұңғыш рет көрініс табуы - жерлестеріміз үшін ерекше қуаныш, серпіліс болды. «Соңғы қоңырау салтанаты», «Аттестат тапсыру», «Қоштасу кештері» тәрізді ерекше рәсімдер алыстағы ауылда алғаш рет жасалды. Ауыл клубының залында «Тұңғыш түлектерге» арналған үлкен кеш өтті. Құрмет көрсетіліп, тілек-аманаттар айтылды. Ауыл ақсақалдары ақ баталарын берді. Кешке мектеп бітірушілер мен ата аналар, ауыл азаматтары, ұстаздарымыз, қоғамдық ұйым жетекшілері, аудандық білім бөлімінің басшылары мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Сол түні түлектер түнімен көз ілмей ауылымыздың ақ таңын бірге қарсы алып, армандарға бірге қанат қақтық.

Ол кезде жоғары оқу орнына түсу тәртібі қатал, мектептегі таза білімнің нәтижесі ғана сынға түсетін еді. Соған қарамастан 1965 жылғы 29 тұңғыш түлектің 18-інің 11-і жоғары, 4-еуі арнаулы оқу орындарына қабылданды. Бұл Ақкиізтоғай орта мектебі үшін үлкен жетістік еді. Шалғайда жатқан, тұрмыс жағдайы төмен, май шамды жарық, тезекті отын етіп, жерден қазған пәтерді паналаған қарапайым ауыл халқын оқытып отырған оқу ордасының дұрыс мектеп үйі де жоқ, материалдық базасы да нашар, мұғалім кадрлары да жетіспейтін еді. Сондай орта мектептен мұндай шәкірттер шығады деп ешкім күтпесе керек. Мұндай нәтиже қалыптасқан қала мектептерінде де кездесе бермеген тәрізді. Бұл жетістік ауылымыз, мектебіміз бен ұстаздарымыздың абыройын асқақтатты.

Иә, шалғайдағы ауыл мектебінің тұңғыш түлектері арасынан да әртүрлі қызмет саласының білікті мамандары, шаруашылық-өндіріс басшылары, өз ісінің майталман шеберлері, нағыз еңбек адамдары, танымал азаматтар шықты. Бірақ осы тарихи уақыт белесінде балалық пен жастық шағымызды, тай-құлындай қатар өскен достар мен тағылымды білім-тәрбие берген ұлағатты ұстаздарымыз еске түсетіні анық. Өкінішке қарай, бізді білім нәрімен сусындатқан класс жетекшіміз Исатай Елеуов, Ахмет Байниязов, Бітімғали Байқұтов, Кенжебай Жанаев, Мэлс Қақпанбаев, Базархан Өтесов, Балғабай Рысқалиев, Аманғали Арыстанов, Ғизат Ержанов, мектеп директоры болған Сисенбай Сабырғалиев, Қисыманов Ысқақ, Сағынғалиев Серік, Қорғанбаев Көрпебай, Сатаев Әбілхайыр, Қорғанбаев Тәждәулет, Баймухашев Қожантай сынды мұғалімдер өмірден өтті. Оның бергі жағында Қонысбаев Нұрсұлтан, Байболов Жеткізген, Ағысов Жақаш, Байқоңыров Қуанғали, Жанаев Тілекқабыл, Қорғанбаев Сүлейман, Қырқыманов Боранбай, Жарылғапов Жұмаберген, Атантаева Тамара, Боранбаева Күнсұлу, Жаманқұлов Керей, Тәжиев Қайыр, Сәкенова Күлдір, Ермекова Күшіген, Өтесов Темірхан, Тұрмағанбетов Жолдыбай, Көдебаев Мәтжан, Бағытова Маруся сынды кластастарымыз да мәңгілік сапарға аттанып кетті. Қазірде қатарымыз сиреп, 29 оқушыдан 11 түлек қалдық.

Мектеп тозбайды - ол мәңгі жас. Қартаятын – мектеп бітірушілер. Олар білім теңізіндегі толқынға ұқсас. Арада алпыс жыл өткенде алтын ұямыздың 61-ші түлектері - біздің немерелеріміздің қанат қағуы – соның айғағы. Ендеше, оларға айтарымыз: аталар салған сара жолдан алшақтамай, заман талабына сай білім алып, ел үшін еңбек етіңдер. Ұлттық салт-дәстүрді берік сақтаңдар. Еліңнің, ата-аналарыңның, мектебіңнің атына кір келтірмеңдер, абыройын асқақтата беріңдер дегіміз келеді.

Өтеген РАХИМОВ,

Тынышбай МУСИЕВ,

Амангелді атындағы Ақкиізтоғай орта мектебінің тұңғыш түлектері,

Құлсары қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT