«ATYRAUROBO» – жастар фестивалі

Болашақ – озық технологияны басқарған жастардың қолында. Қазірдің өзінде жаһанда роботтандыру өте қарқынды жүруде. Сол көштен қалмау – бүгінгі күннің басты талабы. Міне, осы мақсатта облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Gylym Dauiri» қоғамдық қоры ауданымызда «AtyrauRobo» жастар фестивалін ұйымдастырды.

Иә, робототехника саласы ауданымызда қарқынды дамып келеді. Себебі, жарнамаларға көз салсақ, оқушыларды осы бағытта дайындайтын курстар қаптап тұр. Білімді бизнеске айналдырғанды да, білімге ұмтылған балдырғандарды да көріп, көз қуанады. Ал, "Gylym Dauiri" қоғамдық қоры өткізген фестивальдің орны бөлек. №18 М.Сатыбалдиев атындағы мектеп қабырғасында өткен шараға 8-11-сынып оқушылары арасынан 36 бала қатысып, шеберліктерін шыңдады. Олар 3 топқа бөлініп, ARDUINO құралымен жұмыс жасаудың бастапқы қыр-сырын меңгеру, 3D технологиясы арқылы нақты модельдер жасау, STEAM бағытында ерекше инженерлік тапсырмаларды орындау сынды шеберлік сыныптарынан өтті. Жаңа технологияларды өз қолдарымен жасап, тәжірибе алмасқан жастар үшін бұл фестиваль жаңалық болып, көңіл көкжиегін кеңейтті десек те болады.

Жоба жетекшісі Нұрсейіт Жәнібекұлы:

- Біз барлық өңірді аралап келеміз. Шыны керек, Жылыойды бір саты жоғары тұр десем, артық айтқандық емес. Себебі, бұл ауданның халықаралық жарыстардағы жетістіктеріне де қанықпыз. Бүгінгі фестивальда да мектеп оқушылары белсенділік танытып, өздерінің алғырлығын көрсетті,-деді өз сөзінде.

Шеберлік сыныптарынан өткен үш топ соңында өзара сайысқа түсті. Күні бойы жиған білімін сарапқа салып, жеңіске жеткен топтар арнайы диплом және сыйлықтармен марапатталды.

Иә, заман ағымы қазір роботтық жүйеге ауысып барады. Тіпті, АҚШ-тағы аты дардай «Amazon» компаниясы мыңдаған жұмысшыны босатып, роботтарды іске қосқан болатын. Сол сияқты болашақтың көшінен қалмау үшін бүгіннен бастап бұл саланы егжей-тегжейлі меңгеруіміз керек-ақ. Бұл жолда осындай фестивальдардың берері де мол.

Е.ЖАСТАБАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT